Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал ауданында Республика күні және Арал қаласының 95 жылдығына арналған «Алтын күз - 2022» ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Күзгі молшылық шарасында ауданға қарасты кент, ауылдық округтер мен табиғат пайдаланушылардан жеткізілген 60 тоннаға жуық өнімдер сатылымға шығарылды.
Атап айтар болсақ, 300 литр шұбат, 120 килограмм құрт-ірімшік, 2,5 тонна ет (қой, сиыр, жылқы, түйе), 12 тонна балық және балық өнімдері, 100 дана ысталған балық, 40 тонна көкөніс пен бау-бақша дақылдары, 1,5 тонна ас тұзы тиімді бағада тұрғындарға ұсынылды. Сондай-ақ, «Қамыстыбас» балық питомнигінен арнайы автокөлікпен әкелінген тірі балыққа халықтың сұранысы жоғары болды.
Жәрмеңкеге жиналған көпшілік үшін концерттік бағдарлама ұсынылып, аудан өнерпаздары әсем ән шырқады.
«Берекелі күздің мол өнімі аудан халқына тарту етіліп жатыр. Аралда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Десек те «Алтын күздегі» іс-шаралардың орны бөлек. Жаздай еңбек еткен диқандардың жұмысына қолдау білдіріп әрі базар бағасынан төмен бағада үйімізге азық-түлік алып жатырмыз», - дейді қала тұрғыны Айзада Әлімханова.
Алтын күздің берекелі базарында ерте көктемнен бастап еңбек еткен диқандар жинаған өнімдерін сөреге шығарса, мал өсірумен айналысатын шаруалар да ет өнімдерімен бірге 25 бас тірі қойды саудалады.
Барлық ауылшаруашылығы тауарлары тұрғындарға нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен ұсынылды.




