Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Арал қаласындағы бірқатар әлеуметтік мекемелердің және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты.

Ең алдымен №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне барған аудан басшысы мектеп директорымен тілдесіп, мектеп ғимараты мен спорт зал, стадионды толықтай аралап өтті. Саланың жұмыс барысымен толыққанды танысқан аудан басшысы спорт мектебіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына да куә болды.

Бүгінде спорттың 14 түрінен машықтануға мүмкіндік жасап отырған мектепте 1196 бала спортпен шұғылданады. Атап өткен жөн, осы кезге дейін үш бірдей әлем чемпиондарын түлеткен мектептің бұқаралық спортты дамытудағы маңызы зор.

Аудан басшысы бас сұққан келесі нысан – «ARZAN MARKET» сауда орталығы болды. Аудан орталығындағы ең ірі сауда орталығын аралап өткен аудан басшысы бірінші кезекте күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын талдап, жауапты сала басшыларына баға тұрақтылығын сақтау бағытында жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Одан әрі апатты жағдайдағы № 1 қалалық кітапханаға арнайы ат басын бұрып, нысанның қазіргі жағдайымен танысты. Өткен ғасырдың 1937 жылы салынған ғимарат 2014 жылғы сараптама қорытындысына сәйкес апатты жағдайда деп танылған. 2500-ге жуық оқырманы бар кітапханада 43 000 кітіп қоры бар.

Сапар барысында кітапхана жанында орналасқан құрастырмалы – жиналмалы модульді бассейн кешені мен балықшылар мұражайы да назардан тыс қалмады. Жалпы сыйымдылығы 30 адамды құрайтын бассейн кешенінің жұмысымен танысқан аудан әкімі бүгінгі мемлекеттік қызметшілер күні аясында өтіп жатқан спорттық сайысқа куә болды.

Мұнан соң облыстық бюджет есебінен реэкспозициялық жұмыстар жүргізіліп жатқан балықшылар мұражайымен танысып, құрылыс жұмыстарының жай-күйіне қанықты. 2012 жылы пайдалануға берілген мұражайда қазіргі таңда 2000-нан аса құнды жәдігерлер жинақталған. Мұражай залдарында балық шаруашылығына еңбек сіңірген қайраткерлер мен атақты балықшылардың портреттері, фотосуреттері, «Лев Берг» кемесінде балықшылардың киімдері мен теңіз кемесінің техникалық құрал-жабдықтары орналасқан.

Аудан әкімі Серік Сағитжанұлы қаладағы ең ірі «ARAL HOTEL» қонақ үйінің және өткен жылы пайдалануға берілген аудандық оқушылар үйінің де жұмыс барысымен танысып өтті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайта жаңғырған қонақ үй қызметі алдағы уақытта бассейн және сауна қызметтерін іске қосуды жоспарлап жатқандығын жеткізді.

Одан әрі 250 орынды жаңа оқушылар үйін аралап көрген аудан басшысы үйірме жұмыстарымен жекелей танысып, оқушылардың қолынан шыққан туындыларды тамашалады.

Аудан әкімі сапар соңында аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Арал аудандық мәдениет орталығында болып, мекемелердің жұмысын бағамдап өтті. 1954 жылы қыш кірпіштен салынған тарихи-өлкетану музейінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Қазіргі таңда 10 000-нан аса экспонат сақтаулы музейді жаңадан салу бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Ал, аудандық мәдениет орталығының жағдайына келер болсақ аталған нысанға да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр.

Осылайша спорт, мәдениет, білім және кәсіпкерлік саласының жұмыстарын саралап өткен аудан басшысы әр сала бойынша атқарылуы қажет деген мәселелерге мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру жөнінде сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Тағы да оқыңыз: