Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы қуаттың елдің тірегі. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды.»-деп баса айтқан болатын. Осы орайда елімізде тәрбиенің озық үлгісін көрсетіп жүрген отбасыларды көпшілікке таныстыру мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылуы сөзімізге дәлел.
Ауданда да осы қатерлі індетті жұқтырған азаматтарды емдеуде өздерінің қауіпсіздігінен гөрі өзгенің жайын көп ойлаған дәрігерлеріміз бастарын бәйгеге тігіп, қан майданның алғы шебінде жүргендей науқастардың өмірін аман сақтап қалу үшін ерлікке тән еңбек етті. Осындай қиыншылықта Жолдасбай Жақсылықов бастаған дәрігерлер мен басқа да қызметкерлердің ерен еңбектерінің арқасында бірнеше індет жұқтырған науқастар жазылып, жанұяларымен қауышып, қуанып жатты. Дәрігерлеріміз сол індетпен ауырғандардың жанында болып, ем-домдарын жасап, денсаулықтарының арашашысы болған.
«Күніге мың пәлеге жолықсаңда, сонда да күдер үзбе бір Алладан» дегендей, қандай қиындықты бастан өткізсекте, әуеліАллаға сыйынып, сонан соң дәрігерлерімізге қуат бере гөр деп тілеудеміз. Міне,осындай қиын кезеңде ерік-жігерін, бойындағы күш-қуатымен мол тәжірибесін аямай жұмсап жүрген еңбек иесі, «Арал ауданының құрметті азаматы», республикамыздың денсаулық саласының үздігі, «Ауыл» партиясы аудандық филиалының төрағасы, жоғары санатты дәрігер-инфекционист Жолдасбай Жақсылықовпен етене таныссақ.
Жолдасбай Жақсылықұлы 1953 жылы 24 маусымда Арал қаласында дүниеге келген.Қамбаш орта мектебін 1971 жылы бітірісімен, ғұлама Гиппократтың «Барлық өнердің ішіндегі ең ізгісі – медицина» деген даналық сөзін басшылыққа алып, Алматы меициналық институтына түсіп, 1977 жылы дәрігер-инфекционист мамандығын алып шықты. Елге оралып, Шижаға елді мекеніндедәрігер болып қызмет етті. Ал 1989 жылдан бастап аудандық жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі болып 30 жылдан астам уақыт абыройлы қызмет етуде.2018 жылы зейнет жасына келсе де білікті маман ретінде халқына адал еңбегімен көрінуде.
Әкесі Жақсылық Елеусізұлы «Райым» колхозында бригадир және Құланды ауылдық кеңесінің төрағасы болып абыройлы қызмет еткен.Анасы Шарипа Тілегенқызы еліне елеулі, аналық мейірімге толы «айналайыны» көп абзал ана болғанын білеміз.
Бір кездері аудан халқы боткин, іш ауру, сүзек секілді індеттермен ауырып, аурухана мен мекеме орындары осы ауруларғатолы болғаны есімізде. Міне, осы кезде де білікті маман ретінде Жолдасбай ініміздің шипалы қолының арқасында ауруларынан жазылып шыққандарын әлі ұмыта қойған жоқ. «Сырқат жанмен жылы сөйлесудің өзі шипалы емнің жартысын жасағаны»деген екен бабаларымыз. Шын мәнінде, Жолдасбай Жақсылықұлының жайсаң мінезі, сырқат жандармен тіл табыса білуі, сырқаттың түрін дөп баса білуі және оның емдеу жолдарын жақсы білетіндігіне ел риза.
Оның адамгершілігі мен Алла тағаланың берген жайсаң мінез-құлқы, турашылдығы, кішіпейілділігі, ешкімге жалтақтамай айтар сөзін айтуы, қарапайым адамдардың және даналық сөздерді тыңдай білуі, аға алдында пейілді,іні алдында мейірімді болуы, дос-жарандар, туған-туыстар мен құда-жекжаттар арасындағы сыйластық, «мыңжылдық» деген қағиданы есте ұстауы, сынай білуі, кемтарларға аяушылық жасап, қажет болған жағдайда қамқор болумен қатар шырай беру сияқты жігіттің басына қонатын бес белгісін алып жүруі Жолдасбай інімізге жарасқан.
Бос уақытында кең далада тынығуды жаны жақсы көреді. Ал аң, құс аулайтын мергендігі де бір өзіне жарасады.Спорт жаны сүйер серігі, спорттың бірнеше түрінен спорт шебері атағыда бар.Жолдасбай Жақсылықұлының ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ «Арал ауданының құрметті азаматы», ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, "Тәуелсіздігімізге– 10жыл" медалі, Конституциямызға 10, 20 жыл толуы медалі, Халықаралық «Гиппократ» медальдары омырауында жарқырайды. Ел Президентінің Алғыс хаты, Қызылорда облысы және аудан әкімдерінің Құрмет грамоталарымен қатар басқа сала басшыларынан алған алғыс,марапаттау қағаздары жеткілікті.
Жолдасбай жар таңдаудан да маңдайлы болды. «Өз қосағын тапқан қос жұптың өмірді ақ некемен бастауы – мұсылманның парызы» деп бабаларымыз айтқандай,1976 жылы институт қабырғасында оқып жүріп, болашақ дәрігер Айзада атты аруға үйленді.Айзада Жұмағалиқызы – батыстың қызы. 1973 жылы Алматы медициналық институтына түсіп,1980жылы балалар хирургі мамандығын меңгеріп шығады. Дәрігерлік қызметті Шижаға елді мекенінен бастап, 1989 жылы аудандық аурухананың балалар хирургі болып қызмет етті. А.В.Вишневский «Тағдыр қолымызға скалпельді әдемі және тез жұмыс істеу үшін емес, адамдарды бақытсыздықтан, бәледен құтқару үшін береді» дегендей,Айзада да сол скалпельмен талай балалардың денсаулығының, өмірінің арашасы болғаны айқын. 2013 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін көз дәрігері болып науқастардың қос жанарына шырақ жаққандай із қалдырған ақ халатты абзал жан екенін дәлелдеді.
«60 басты ақ орданы 60 еркек толтырмайды, бір әйел толтырады» демекші,Айзада ақ ордалы шаңырағын ұл мен қызға толтырған абзал ана, келіндерінің тәлімгер ұстазы. Айзаданың дәрігерлік қызметіндегі еңбегі ерекше еленген. «Медицинаға сіңірген еңбегі үшін» медалі, Бауыржан Момышұлының «Шапағат» медальдары омырауында жарқыраса, «Жылдың үздік дәрігері», екі мәрте облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен және басқа сала басшыларынан алған мақтау қағаздары өз алдына бір төбе десе болады. Қос бәйтерек Жолдасбай мен Айзададан тараған ұрпағы өмірде өз орындарын тапқан, тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеуге өз үлестерін қосып жүрген жайсаң жандар екенін білеміз. Тұла бойы тұңғышы Айгүл – медициналық училище бітірген медбике. Күлжаханы – жоғары білімді психолог, кәсіпкер. Асылбегі –Щучинск қаласындағы әскери колледжін бітіріп, әскери қызметте. Толқынбегі – Ақтөбе ауылшаруашылық колледжін бітіріп,мамандығы бойынша қызмет атқаруда. Жұлдыз – Алматы қаласында жоғары білімді дәрігер. Киелі шаңырақтың жолын жалғастырушы Абылай Жолдасбайұлы – жоғары білімді мұнайшы, Құмкөлде менеджер. Жоғарыда айтылған ұлағатты сөздерді бойына жинақтай алған, тәлім-тәрбие алу жолында еңбектеніп, болашағынан үміт күттіретін азамат екенін дәлелдеуде.
«Пай, пай шіркін, қазақтың келіндері-ай, көл-дария секілді пейілдері-ай» десе дегендей-ақ, қазақ келіндері бар болмысын бойына сіңіре білген Айнұр – жоғары білімді дәрігер, ата-ене дәстүрін жалғастырушы. Шаңырақты шаттыққа бөлеп, дүниеге екі бірдей перзент әкеліп, шаңырақтың тынысын кеңейтіп, отын маздатып жағып отырған, тәрбиелі отбасынан дәріс алған аяулы ақ халатты абзал жан.
Еңбегі елге сіңген отбасылар елімізде баршылық. Туған жері үшін аянбай еңбек етіп, көпшілік ризашылығына бөленіп отырған отбасылар бүгінде қызметінің несібесін көріп отыр.
