Kyzylorda-news.kz. Алысты жақындататын, ел мен елді жалғастыратын жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі және экономиканың күретамыры. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағиданың қалыптасуы да содан шыққан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Кез-келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жолдарының жағдайынан айқын аңғарылады. Елімізде де, ауданда да қазірде автомобильдердің тақтайдай тегіс жолмен жүруге деген мүмкіндігі жыл сайын артып келеді. Өткен жыл аудандағы ең ауқымды міндеттерді атқаратын аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі үшін де айтарлықтай табысты болды.
Бірнеше бағыттағы істі жүйелі әрі жемісті жалғастырып келе жатқан бөлім көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша автомобиль жолдарын жақсарту бағытында оң нәтижеге қол жеткізген. Бөлім жұмысындағы атқарылған шаруалардың шаш етектен екенін ескерсек, маңызды саланың ел дамуын еселеудегі орнының айшықты екеніне көз жеткіземіз.
Иә, ең алдымен бұл салада 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 жоба жүзеге асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. 2021 жылы басталған аудандық маңызы бар күре жол бойындағы «Қамыстыбас-АманөткелЖаңақұрылыс» автожолының құрылысы жалғасын табуда. Өтпелі кезең ретінде бекітілген бұл жоба биыл да жүйелі жалғасады деп күтілуде. Мұнан бөлек тұрғындардың басты сұранысындағы мәселелердің бірі аудандық маңызы бар «Қызылжар-Шөмішкөл» автожолының құрылысы да барыс жылында бастау алды.
Сондай-ақ жол мәселесі саздылықтарды да алаңдататын. Бұл орайда елді мекенге кіреберіс автожолға орташа жөндеу жұмысы қолға алынды. Мұндай орташа жөндеу жұмыстары БөгенАқлақ, Қаратерең-Жаңақұрылыс, Қызылжар елді мекендерінде де жалғасты. Айта кетейік, аталған маңызды жолдар биыл да күн тәртібіне қойылып, өтпелі жоба ретінде қарастырылмақ. Демек алдағы уақытта да тұрғындардың сұранысы толықтай қамтыла бермек.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сексеуіл кентіндегі №231 мектептен темір жол өткеліне дейінгі автожолды орташа жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысында шағын қалаларды дамыту бойынша жергілікті бюджет есебінен В.Терешкова, И.Панфилов көшелері орташа жөндеуден өткізілсе, қала көшелері мен аудандық маңызы бар Сексеуіл кентіне дейінгі автокөлік жолы ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Жылдың басты жағымды жаңалығы барша аралдықтың көкейіндегі темір жол үстінен аспалы көпір салу еді. Сол арман ақиқатқа айналар күн жақын. Осы мәселе бойынша 2022 жылы атқарылған жұмыстың нәтижесімен көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі мен жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аудан бюджетінен бөлінген қаржыға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер де анықталды.
Ал, көпір мәселесі бойынша шешімін тапқан тағы бір сауал – Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір-тұғын. Оған да қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда.
Бөлімнің ауқымды жұмысының арқасында ауызсу мәселесі де шешімін тауып, Көнту елді мекеніне ауызсу желісі жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Арал қаласына кіреберіс» автожолын және қаладағы Р.Тұрымбетов, Б.Тәңірбергенов, Т.Әубәкіров, Н.Балапанов, А.Қаюпов көшелерін жарықтандыру жұмыстары тұрақты түрде атқарылды.
Өткен жылы Арал қаласындағы №19 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс және күрес залдары газ жүйесіне қосылып, көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі десе көпшіліктің есіне қаланың ажары мен сәулеті, сән-салтанаты оралары анық. Бұл бағыттағы жұмыстарды да ешкім жоққа шығара алмайды. Нақтырақ тоқталар болсақ, былтыр «Балықшылар» аллеясы, «Жалаңтөс Баһадүр» алаңына тиісті жұмыстар уақытпен санаспай жүргізіліп жатса, қаладағы Бақтыбай батыр көшесін абаттандырудың І-кезеңіне бөлінген қаржыға жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Сонымен қатар аудан елді мекендерінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық маңызы бар автожолдар бойына қажетті 100 дана жол белгілері орнатылды. Жыл көлемінде қаладағы асфальт қабатымен жабдықталған көшелерге 3 мәрте жол сызбалары сызылып, 196 дана жол белгілері орнатылып, стандартқа сәйкестендірілді. Сондайақ М.Нұржаубаев-Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан бағдаршам жөндеуден өткізіліп, Бақтыбай батыр, «Жақсат» коммуналдық базары маңына, қаладағы «Оқушылар үйі», №13 орта мектебі мен №62 мектеп-лицейі алдына 7 дана жасанды жол кедергілері қойылды.
Бұл жұмыстар биылға жылы да табысты жалғасты. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жетті. Жолдың құрылы қарқынды жүріп қала көшелері де ажарлана түсуде.
Ел көріп, біліп отыр. Тұрғындардың өтінішін орындау мақсатында биыл қала көшелерінің жолдарын жаңарту бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Ауданның төл басылымы ретінде "Толқын" газеті ақжолтай жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып өз оқырмандарына ұсынуды дәстүрге айналдырған. Осыған дейін де жыл сайын халықтың ұсыныс-пікірлеріне сай қала көшелеріндегі асфальт төсеуді тұрақты ақпараттандырып келе жатқан басылым арқылы бүгін тағы қаладағы 7 көшенің тас жолға қолы жететіндігін айтқымыз келеді.
Нақтырақ тоқталар болсақ Ә.Сатаев, Төле би, С.Мұқанов, Ж.Тәжімбет, Ә.Жұбаниязов пен Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов көшелерін асфальттау жұмыстары басталып кетті. Республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бұл жоба көше тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады. Мұны тас жол төселгелі жатқан көшелердің тұрғындарының сөзінен анық аңғарамыз.
– Адам болған үстіне бола түссе дейді ғой. Бізде де жолы жаңарған көшелерді көргенде "бізге де осындай жол салынса" деп қызығы қарайтынбыз. Былтыр осы біз тұратын көшелер асфальтталады дегенді естігенде қуанғанымызды жасырмаймыз. Бірақ биыл қар кетіп, жер икемге келе бастағаннан көшелерді тегістеп, жұмыстың басталғаны шаттығымызды еселеп тастады. Қуануға себеп те жоқ емес. Қыс кетіп, қар ерігенде, жаңбыр көп жауған кездерде көшенің басынан аяғына қарай өту мұң болатын. Ортаға жиналған судан көлік қатынасы болмайтын. Тіпті өз көліктерін үйіне жеткізе алмай, көшеге қойып кететін кездер де болады. Енді міне осы қиындықтың бәрі артта қалды. Істеліп жатқан бұл жұмыс үшін бірінші кезекте аудан басшысына алғысымыз шексіз. Халықтың пікірімен санасып, қолайлы жағдай жасап отырған атқарушы биліктің жұмысын оң бағалаймыз, – дейді.
Айта кетейік, "Арал жолдары" және "Арал құрылысы" мекемелеріне тапсырылған жұмыс ауқымды. Жоғарыда аталған 6 көшеге толықтай асфалть төселсе, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов көшелеріндегі жолдың жанынан жаяу жүргіншілер жолы да салынатын болады. Бұл жұмыстар жыл көлемінде толықтай аяқталып, халық игілігіне берілмек.
«Жол – ол өмір» деген шетелдіктердің сөзін еске түсірер болсақ, біздегі сапалы жол жақсы өмірдің айғағы болмақ. Сондықтан мердігерлер де бірінші кезекте тұрғындарға жайлы өмірді қамтамасыз етуді ойлап, сапаға мән берсе дейміз.
