Kyzylorda-news.kz. Өткен аптада басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы, Арал ауданының әкімі, филология ғылымдарының кандидаты Оңғарбаев Аманжол Сақыпұлы мен Қызылорда ашық университетінің ректорының міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов, университет ғалымдары мен профессор-оқытушылары, білім алушылар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қызылорда ашық университетінің Арал қаласындағы қашықтықтан білім беру орталығын ашу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Нақтырақ айтар болсақ, Қызылорда ашық университеті – 25 жыл тарих бедерінде алған асулары мен бағындырған белестері қоғамда лайықты орынға ие болған білім ошағы. Бүгінде бакалавриаттың 23 білім беру бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде аталмыш университет ғалымдары ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, бірнеше жоба бойынша гранттық қаржыландыруды жеңіп алды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған конкурстарда университет ғалымдары өз жобаларымен қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, өздерінің ХХІ ғасыр талабына сай дәріс бере алатындарын дәлелдей алған болатын.

Қызылорда ашық университетінің Арал қаласындағы қашықтықтан білім беру орталығын ашудағы басты мақсаты – университеттің атауы айтып тұрғандай ашық, қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және білім беруді басқару, оқыту және зерттеу тұрғысынан оқу орынның сапасын жақсарту, қашықтықтан оқыту жүйелері мен кәсіби стандарттар арқылы білім беруге ықпал жасау, ашық және қашықтықтан білім беру мүмкіндіктерін кеңейту.

Өз кезегінде Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев 23 мамандық бойынша маман даярлайтын университет филиалын ашу аудан тұрғындары үшін тиімді екенін жеткізді.

– Арал өңіріндегі жас жеткіншектер Ақтөбе және өзге қалаларда оқуға бейім. Оған жол жақындығы себеп. Десе де ауданда әлеуметтік жағдайы әртүрлі отбасы бар. Оқу ақысы тиімді болғандықтан, аймақ басшысының қолдауымен техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов негізін қалаған ашық университетімен оқу орталығын ашу үшін келісім жасауды ұйғардық, – деді аудан басшысы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Арал ауданында Қызылорда ашық университетінің филиалының ашылуына қолдау көрсететінін айтып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

Сөз соңында облыстық білім басқармасының басшысы, Арал ауданы әкімі және Қызылорда ашық университетімен бірлесе отырып Арал қаласынан университеттің қашықтықтан оқытатын филиалын ашу жөнінде меморандумға қол қойды.

Бұл бастама аралдықтар үшін жағымды жаңалық. Әсіресе жас жеткіншектер үшін қолайлы болмақ. Енді шәкірттер алысқа жырақтамай, Қызылорда ашық университетінің аудандағы филиалында 23 мамандық бойынша білім алады. 

Бұл студенттерге де, жалпы тұрғындарға да үлкен қолдау екені айтпаса да түсінікті. Ендігі жерде бұл бастама жүйелі жолға қойылып, нәтижесін бергенде аудан халқы үшін зор қолдау болмақ.

Тағы да оқыңыз: