Kyzylorda-news.kz  Кеше Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбек саласын цифрландыру, туристерге қолайлы жағдай жасау мәселелері төңірегінде мәжіліс өтті.

Бұл мәселе Үкімет отырысының күн тәртібінде қаралып, аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжіліске арқау болған-ды. 

Еңбек саласындағы қауіпсіздік мәселесі, оның ішінде жұмыскерлердің құқықтарының және олардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігін арттыру – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда ауданда әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия жұмыс жасайды. Аудан басшысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеттерінің өкілдері ауданға арнайы келіп, еңбек жағдайлары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін, мұндай жиындардың қарапайым еңбеккерлер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Даулы мәселе аудан аумағанда да әлсін-әлсін кездесіп тұратынын, жауаптылар осындай келеңсіздіктердің алдын алуда жан-жақты жұмыс жүргізу керектігін айтып, мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиындағы екінші мәселе елімізге туристердің келуіне қолайлы жағдай жасау туралы аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Т.Әлжанов хабарлама жасады.

Мәселе ауқымды. Ауданда туризм саласын дамыту Қызылорда облысының даму жоспары аясында жүзеге асырылуда. Аудан көлемінде туризм обьектілері ретінде 10 нысан бекітілген. Бұл бағыттағы жұмыстардың ең негізгісі – Халықаралық Аралды құтқару қорымен бірлесе отырып, «ARAL GEOPARK» жобасының Юнеско көлемінде құрылуы.

Аудан әкімі бұл мәселеге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың мардымсыз екенін айтып, аудан аумағында туризм объектісі болып белгіленген аймақтардың әлеуетін арттыру бойынша жұмысты жандандыру керектігін жеткізді. 

«Аққұмшық» демалыс аймағының қазіргі әлеуеті жайлы Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі А.Балмырзаева қысқаша хабаралама жасап, берілген тапсырмалардың орындалуы төңірегінде айтып өтті.

Жиын соңында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы туристер көп аялдайтын Қамыстыбас елді мекеніндегі «Аққұмшық» жағажайының санитарлық талаптарын әлі де қатаң бақылауға алып, балалар қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеді.

Фото: Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: