Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, азаматтық қорғау қызметтері мен мекеме басшылары және қала, кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында Арал ауданында орын алған қуаңшылықты жою бағытында атқарылған жұмыстарды қорытындылау туралы мәселе қаралды.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов алдымен өткен жылы орын алған қуаңшылыққа тоқталды.
«Қыс-көктем айларында жауын-шашын түсімі шамадан тыс төмен болып, жайылымдарда мал азығы яғни, шөптің шықпауы орын алып, соның салдарынан қуаңшылық жағдайы тіркелген болатын. Осы ретте, аудан бойынша барлығы 600-ге жуық мал басының өлімі тіркеліп, шаруа иелеріне біршама кері әсерін тигізді. Осыған орай, аудан көлемінде 2021 жылдың 12 шілдесінде Арал ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қалыптасқан жағдайды тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып, кезек күттірмейтін бірқатар тиісті жұмыстар жүргізілді»,- деді аудан басшысы.
Одан соң күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев баяндама жасады.
«Жайылымдық жерлерді суландыру үшін, бірінші кезекте қазылатын 15 дана су ұңғымаларының тізімі белгіленсе, Қамыстыбас - Ақшатау көлдер жүйесін суландыру үшін 8 каналдың арнасын ұлғайтып ашу, су тоспаларын салу жоспарға алынды. Орын алған төтенше жағдай аясында 2 жылда ауданымызға 1 млрд. 168 млн. теңге қаржы тартылып, су шаруашылығы саласындағы жұмыстарды ретке келтірдік. Аманөткел ауылдық округіндегі Сырдария арнасының Бұрмақұлақ учаскесінен бөгелсе, «Аспай» су ағытқысын жөндеуден өтті. Нәтижесінде Қамыстыбас және Ақшатау көлдерінің арнасы суға толды. Мал жайылымдық жерлердегі 4 дана су ұңғымаларын қазу бойынша 2021 жылы барлығы 111 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы 7 су ұңғыманың жобасы республикалық бюджеттен және 1 су ұңғыма облыстық бюджеттен қолдау тауып қаржыландырылды. Ұсынылған жобаларға 176 млн. теңге бөлінді. Ақшатау - Қамыстыбас көлдерін суландыру мақсатында 8 каналдың арнасын тазалау және гидротехникалық құрылыстарды салу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланып, 483 млн.теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ егістік пен шабындық жерлерді суару үшін ауданға 10 дана дизельді су насосы алынып, сыр беткейдегі ауылдық округтерге табысталды», - деді Еркін Әбішев.
Комиссия отырысында Серік Сағитжанұлы төтенше жағдай кезеңінде атқарылған жұмыстарды саралап, комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап «Арал ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» шешімінің күшін жою бағытында нормативтік құқықтық акт жобасын ұсыну қажеттігін айтты. Аудан әкімі өз кезегінде аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімі, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері бірлесіп бір апта ішінде аталған жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ басқосуда қайырымдылықтың үлгісін көрсетіп, қиыншылықты еңсеруге қолдау білдірген бір топ аралдық азаматқа аудан әкімі құрмет көрсетіп, алғыс хатпен марапаттады.