Kyzylorda-news.kz. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Соңғы кездері аралдықтардың дені кәсіпкерлікке бетбұрып келеді. Әсіресе, жастар жағы өздерінің тың идеяларын жүзеге асыруда. Өнім өндіру түрімен қоса бөлшек сауда да дамығандығын айта кеткен жөн. Бүгін біз кәсіпкер Сымбат Темірболатованың жаңа кәсібі туралы сөз қозғамақпыз. 

2023 жылдың І жартыжылдығына Арал ауданында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 6599 бірлікті құрап,өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 38,4 пайызға өсім алған. Расында бұл деректердің ақиқаттығына көзіміз де жетіп жүр. Өйткені соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік нысандары көптеп бой көтеруде. Өз кезегінде зәулім ғимараттар қаланың ажарын айшықтап қана қоймай бәсекелестік ортада халық қажетіне жарап тұр. 

Бала кезден кәсіпкерлер отбасында өмірге келіп, кәсіптің қыр-сырын түсініп өскен Сымбат Саламатқызы да осы бір саланың дамуына тамшыдай үлес қосты. Ол жақында өзінің шағын маркетін ашты. 

– Ес білгелі саудамен айналысып келемін. Ата-анам кәсіптен нәпақа тапқан жандар. Атам мен енем де кәсіпкерлер болды. Сондықтан заңгерлік мамандықты меңгеріп, жоғары оқу орынын тәмәмдасам да кәсіпті таңдадым. Біздің жаңа шағын маркет қаланың шеткері аймағында орналасқан. Сондықтан халыққа қажеттілігі оңай, әрі тиімді бағада болсын деген ниетпен осы кәсіпті бастадық. Қазір мұнда азық-түлікпен қоса тұрмысқа қажетті заттардың сан-алуан түрін әкеліп толтырудамыз, - деді Сымбат Саламатқызы. 

Қай істің де бастауы оңай емес. Сымбат та кәсібін қолға алу үшін өз қаражатымен қоса мемлекет тарынан кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие алғандығын айтады. 

– Қазір мемлекет кәсіпкерлерді жақсы қолдап жатыр. Түрлі қайтарымсыз гранттар, пайыздық мөлшерлемесі аз несие, түрлі бағдарламалар әзірлеуде. Мұның бәрі кәсіп ашамын деген адамға үлкен қолдау. Мен де 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алдым. Әр істе бір тәуекел керек. Осы арқылы кәсібім өрге домлайтынына сенімдімін, - дейді кәсіпкер. 

Тірліктің көзін тауып, тіршілік еткен адамның нәпақасы мол болары анық. Сымбат жолдасы Нұртуған екеуі 5 баласын өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана. Олар осындай табанды еңбекқорлығының арқасында өзгелерге үлгі болуды көздейді. Беркелі кәсіп болсын деген тілегіміз бар.

Тағы да оқыңыз: