Kyzylorda-news.kz. 10 қаңтар күні сағат 11-ден 48 минут өткенде Арал ауданы Ақеспе елді мекенінен 20-25 шақырым жерде орналасқан Шөмішкөл балық аулау учаскесінде Кіші теңізге Арал қаласының тұрғыны 1963 жылғы азамат Уаз автокөлігімен суға батып кеткендігі жөнінде хабарлама түскен.
Шақырту бойынша іздестіру жұмыстарына Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекеніндегі жедел-құтқару жасағының бөлімшесінен 4 құтқарушы, үрлемелі моторлы қайық және 3 жиынтық сүңгуір құрал-жабдықтарымен оқиға орнына жетті. Теңіз жағасынан шамамен 7 шақырым болатын оқиға орнындағы мұз қалыңдығы шамамен 35 см, су тереңдігі шамамен 14 метр екені анықталды.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты сүңгуір-іздестіру жұмыстары 11 қаңтары күні басталды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қалың мұз сүңгуірлік іздестіру жұмыстарына арналған майна дайындалып, бірнеше мәрте су асты іздестіру нәтижесінде теңіз табанында лайлы батпақ кедергі келтіріп, оған қарамастан құтқарушылардың кәсіби іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 14 метр тереңдіктен Уаз автокөлігі табылды. Алайда, су атындағы көлік ішінде адам табылмады.
Бүгін Жедел құтқару жасағының сүңгуірлерінің тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде оқиға орнынан 6 метр жерде су астындағы мұзға жабысып қалған 1963 жылғы азаматтың денесі сағат 12-ден 03 минут өткенде табылды», - делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.