Kyzylorda-news.kz. Аралда өндірілетін кварц құмы шыны зауытының өндірісінде қолданылмақ.
Аралқұм ауылдық округіне қарасты Шөміш елді мекеніндегі 18 шақырым жерде кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинатының 2020 жылы бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл үшін кварц кұмының мол қоры бар аймақтан жоба бастамашысы Aral Quartz ЖШС-не бақылау-өткізу станциясы мен көпір-типті кранын орнату үшін 1,8 га жер телімі табысталды. Шығыс Сарышоқы, Жұмақ және Жанплес-2 учаскесінде кварц құмын өңдеуге жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Комбинатта 27,5 млн. тонна кварц құмының қоры бар.
Іске қосылған комбинаттың жылына 70 000 тонна байытылған кварц концентратын шығаруға қауқарлы. Нысанда 50 жаңа жұмыс орны құрылды. Комбинаттың негізгі жабдықтары Еуропадан алынды. Аталған жоба «Байқоңыр» ӘКК» АҚ және «Aral Quartz» ЖШС-мен бірлесіп іске асырылуда.
Айта кетейік, комбинат өндіретін кварц құмы жуырда жұмысын бастаған шыны зауытының өндірісінде қолданылмақ. Бұл өнімге шетелден де сұраныс жоғары.
Жобаның екінші кезеңінде цех қуаттылығын арттыру және өсім түрлерін көбейту мақсатында жаңа нысанның құрылысы жоспарлануда.
Екінші желісі бойынша темір жол тұйығын «Бизнестің жол картасы-2025» аясында жеткізу жоспарлануда. Жоба сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытындысын алды. Жоба құны 12,5 млрд. теңгені құрайды.


