Kyzylorda-news.kz.  Жуырда Қоғамдық кеңестің басқосуында аудандағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды. Жиынға қоғамдық кеңестің мүшелері, Арал ауданының полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаев, Арал ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Қ.Шүкіров, бұқаралық ақпарат құралының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаев баяндама жасап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында және Арал ауданының полиция бөлімімен 2022 жылдың 12 айында атқарылған жұмыстарды қоғамдық кеңес мүшелеріне хабардар етті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың 12 айында жалпы қылмыстың  тіркелуі  18,4 пайызға (190-155-ке)  төмендеген.

Тіркелген қылмыстарға талдау жүргізсек, ауырлығы онша емес санатымен 0,0 пайызға тең күйде болса, орташа ауыр санатындағы қылмыстардың тіркелуі 36,1 пайызға, ауыр санаттағы қылмыстар 6,8 пайызға төмендеген. Жекелеген қылмыстарға талдау жүргізсек, адам өлтіру +100,0 пайызға, қасақана дене жарақатын салу +100,0 пайызға, ұялы телефон ұрлығы +75,0 пайызға, қарақшылық +100,0 пайызға, бұзақылық қылмысы +300,0 пайызға, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар +200 пайызға, топпен жасалған қылмыстар +90,9 пайызға, қоғамдық орында жасалған қылмыстар +9,1 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар +66,7 пайызға өсім алып отыр.

Сонымен қатар мас күйінде жасалған (22-ден 16-ға) -27,3 пайызға, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар -00,0 пайызға (38-ден 38-ге), рецидивтермен жасалған қылмыстар -100,0 пайызға (1-ден 0-ге) төмендесе, отбасы тұрмыстық саласындағы жасалған қылмыстар орын алмаған. 

Жол апаттылығына тікелей септігін тигізетін жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушыларды анықтау бағытында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі», «Заңсыз тасымалдаушы», «Мас жүргізуші», «Мотоцикл», «Абайлаңыз, балалар!» арнайы іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде, мас күйінде көлік құралдарын басқарған (ҚР ӘҚБтК-нің 608-ші бабы) 72 жүргізуші анықталып, барлығына да аудандық сот арқылы тиісті шаралар қабылданған.

Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандардың кешкі және түнгі беймезгіл жүрістерін ырықтау, келеңсіз жайттарды олардың тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында орта және кәсіптік оқу орындары мұғалімдерімен «педпатруль» кезекшіліктері ұйымдастырылып келеді.

Жиын сонында Арал ауданының полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаевтың баяндамасын кеңес мүшелері тыңдап және талқылай келе, бірауыздан мақұлданған ұсыныстарын ортаға салды. Яғни аудан мектептерінің жанына бейнебақылау камераларын қоюды ретке келтіру және оқушылардың мектепке келіп-кету қауіпсіздігін ұйымдастыру, темір жол өткеліндегі көлік кептелісін реттеу мақсатында қарбалас уақыттарда жол патрульдік полициясының бақылауын күшейту, қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық, әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қою бағытында жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің автокөлік жүргізу фактілері кездесетіндіктен қатаң бақылау жұмыстарын жүргізу, Жақсықылыш кентінде құқық бұзушылықтың көптеп орын алуына байланысты бір штат полиция қызметкері мен автокөлік беру мүмкіндігін қарастыру  туралы  ұсыныстарды да аудандық полиция бөлімінің назарына ұсынды.

Тағы да оқыңыз: