Kyzylorda-news.kz. Қаржылық тәртіп қашанда басты назарда болуы қажет талап. Осы мәселені тұрақты назарда ұстап, жан-жақты жетілдіру мақсатында ел көлемінде түрлі деңгейде шаралар өтуде. Арал ауданы да бұл бағыттағы жұмыстардан тыс қалмай, жуырда аудандық мәдениет үйінде облыстық тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту жөнінде семинар өтті.

Семинар-кеңеске аудан әкімі аппаратының, аудандық мәслихат аппаратының, дербес бөлімдердің, мекеме басшыларының және қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің есепшілері мен қаржы жөніндегі жауапты мамандары қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішевтің төрағалығымен өткен жиында 3 мәселе қаралды. Атап айтар болсақ, мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтар мен олардың алдын алу мәселелері талқыланып, мемлекеттік сатып алу заңнамасындағы өзгерістер мен мемлекеттік мекемелердің төлемдер жүргізу кезіндегі өзекті мәселелері түсіндірілді.

Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген облыстық тексеру комиссиясының маманы М.Сатлабаев, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Б.Нұрмаханов және аудандық қазынашылық басқармасының басшысы А.Әлімбетов аталған тақырыптар жөнінде баяндама жасап, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Семинар кеңесте қатысушы есепшілер талқыланған мәселелер жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, сауалдарына жауап алды.

Тағы да оқыңыз: