Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өткізілді. Мәжілістің күн тәртібінде ұлттық халық санағының жүргізілу барысы және аудан бюджетінің 2021 жылдың 9 айдағы игерілу мәселелері талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық статиска басқармасының басшысы Еламан Қапанов баяндама жасады. Бүгінгі күні аудан бойынша санақтан онлайн режимде халықтың 59,5 пайызы өткен. Аудан бойынша 14 нұсқаушы-бақылаушы, 85 интервьюерлер жұмыс жасауы қажет болса, қазір интервьюерлердің 64-і жұмыс жасауда. Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізудің ІІ кезеңі 15 қазанға дейін онлайн режимінде жүргізу жалғасуда, 30 қазанға дейін санақшылар планшет құрылғысымен үй аралауды жүргізеді.
Халық санағының орындалу көрсеткіші көңіл көншітпейтіндігін айтқан аудан басшысы Арал қаласы, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері мен Қосаман, Жетес би, Аманөткел ауылдық округінің әкімдерінен жеке-жеке бұл жұмыстардың баяу орындалып жатқан себебін сұрады. Сондай-ақ, онлайн санақтың аяқталуына аз ғана уақыт қалғанын айтып, жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Бұл мәселеге байланысты жауапты басшыларға халық санағының екінші кезеңінің орындалуын қамтамасыз ету, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандыру жүктелді.
Одан әрі мәжілісте сөз тізгінін алған аудандық қаржы бөлімінің басшысы Мақпалбай Көлдеев аудан бюджетінің 9 айдағы игерілу көрсеткіші туралы хабарлама жасады. Атап өтейік, аудан бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілері 2021 жылдың 1 қазанына белгіленген шығындар бойынша жоспардың 97,6 % орындалған.
Хабарламашының сөзінше, Қызылорда облысы бойынша ішкі аудит департаментінің тексеруіне байланысты жұмыстың уақытша тоқтатылуынан және мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындысы шықпауынан, конкурстардың қайта жариялануынан, мердігерлер тарапынан жұмыстардың орындалмауынан және қаржылық үнемдеулер негізінде игерілмеген.
Игерілмеген қаржының негізгі бөлігі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі бөлімі және қала, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарында қалыптасқан. Бұл көрсеткіштер бойынша да жекелей талдау жасап өткен аудан әкімі бюджет қаржысын мерзімінде игермеу жағдайлары орын алған бөлім басшыларын қатаң сынға алды.
Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі қаржы игерілуіне байланысты жауапты бөлім басшыларына әрбір мердігер мекемемен жекелей талдау жүргізу алдағы кезеңдерде бюджетті дұрыс жоспарлап, қаражатты орналастыру, өз орнымен жұмсау мәселелеріне қатысты тапсырмалар берді. Сонымен қатар берілген тапсырмалар мен міндеттемелерді орындауда ешқандай кемшілікке жол берілмеуін қатаң ескертті.