Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды» деген болатын. Егінші қауымға екпін түсірген бұл сөздің астарында әр аймаққа артылар салмақтың жүктің жатқанын әр аймақ өз әлінше саралады. Ұдайы Президент тапсырмаларын орындауда кешенді шараларды қолға алып келе жатқан аймақ басшысы бұл жолы да асыраушы салаға айрықша басымдық берді. Өйткені жоғарыда айтқан Президент сөзі қарапайым халықтың қажеттілігі үшін туындаған жағдайлардың алдын алудың бірден-бір жолы еді. Делдал арқылы жеткен азық-түліктің бағасы халықтың қалтасына салмақ салатынын ескерген Мемлекет басшысы осындай міндет жүктеп отыр. Көп уақытқа дейін егіншіліктен кенже қалып келген аудан осы бағыттағы жұмыстарды мүлде жүргізбеді демейміз. Бірақ былтырдан бастап еңбек етсең қара жердің де асырайтынын жақсы түсіне бастады. Егістік алқаптарды ұлғайтуды жан-жақты қолға алғандықтан бірнеше рет ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтіп, тұрғындар төменгі бағада азық-түлік қажеттілігін өтеуге мүмкіндік алғаны белгілі.

Айталық биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін өңірде 3342 гектар жер арнайы дайындалды. Оның 3282 гектарына, атап айтқанда, 1021 гектарына картоп, 866 гектарына көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді. Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді. Осы ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың сұранысына сәйкес жоспарлап дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ, дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп жасау керек. Тиісті басшыларға егінге су беруді үйлестіріп, жиын-терімге дейін барлық жұмыстарға тұрақты бақылау жасау жүктелді. Сәйкесіне бұл жұмыс жалғасын тауып, 1500 гектарға егіс егу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде қазірдің өзінде жерден түйнек көтерген шаруалар алған өнімдерінен пайда көріп, уақытында бақша дақылдарынан таршылық көрмеуде. Осы жұмыстардың басы-қасында болып, егіншілікке баса ден қойған азамат Елтай Төреханов диқаншы қауымның ендігі жалғасы еді. Ол ауданның тумасы, нақтырақ айтар болсақ, 1989 жылы Жіңішкеқұм ауылында туған ол 5 жасында Ақтөбеге көшіп кеткен. Қазірде 2 бала тәрбиелеп отырған кейіпкеріміздің сол жақта бақытты ғұмыр кешіп жатқан отбасы. Былтыр аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың тапсырмасымен ауданда егіс алқаптарын ұлғайтып, Арал халқын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар болып, туған ауылы маңындағы Қайнар су ұңғымасының жанына егін егуді қолға алады. Қауын-қарбыз, қияр егумен өнімділігін тексеру мақсатында картоп та егіп көрген. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Елтайдың өнімдерін тұтынған аралдықтардың алғысын естіп, батасын алғанда еңбекке деген құлшынысы ерекше артып, осы істі одан әрі жалғастыруды көздеген еді.

Биыл да көктем келісімен туған топырағына бет алған Елтайдың биылғы тер төгетін жері Қамыстыбас ауылдық округі мен Қосжар ауылы ортасында болмақ. Нақтырақ айтар болсақ, Қамбаштан 7 км әріде орналасқан аумаққа егін отырғызу жұмыстарын бастап та кетті. Қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, құлпынай да отырғызып көрмек ниетте. Өз сөзінде:

– Белін бүккенге береке бар. Қара жерге тер төксең еңбегіңнің құнын еселеп қайтарады. Мен оған көзім анық жетті. Былтырғы табысты тірлігімді көпшілік көрді, білді. Олардың қолдауы маған үлкен мотивация болды. Қаншалықты алыста жүрсең де кіндік қаның тамған топыраққа қызмет қылып, олардың қажетіне жараудан артық бақыт бар ма?! «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген тегін айтылмаған ғой. Биыл да Аралдың аумағында маңдай теріміздің төгуге мүмкіндік туды. Бірінші кезекте бізді қолдаған аудандағы атқарушы билікке алғысымды білдіргім келеді. Өнімділігіміздің артуына олардың қолдауы мен сенімі көмек болып отыр. Қазірде трактор беріп, егіс алқабын егінге дайындап жатырмын. Жазғы демалыс кезінде отбасым да мектептен босап, көмектеседі, – дейді. 

Жалпы қай нәрсе уақытында өзекті болса, сол сала жайында сөз сабақтау артық етпейтінін білеміз. Дала жұмыстарының жандана түсетін уақыты осы кез десек, диқаншы қауым егін егіп, соқаның ұшымен тіршілікке сән беріп, адамзатқа нәр беріп жатыр. Бүгінде бау-бақша егуді тіршілік көзіне айналдырған Арал ауданына қарасты ауылдарда да қарбалас жұмыс жүріп, өнім жинастырып, алтын күздің айтулы науқанына аз да болса үлес қосып жатыр. 

Мәселен Аманөткел ауылдық округі бойынша жеке тұрғындар 10 гектар жер жыртты. Шаруа қожалықтары «жаңбырлатып суару» әдісі арқылы 50 гектар жерге «жаңа жоңышқа» дақылын егу жұмыстарын бастап та кетті. Сонымен қатар Жаңақұрылыс ауылдық округі егін салу мақсатында 15 гектар жерді тегістеп, дайындық жүргізуде. Ал Қамыстыбас ауылдық округі 12 гектар және Қосжар ауылдық округі 4 гектар бау-бақша егетін жерлерді жырту жұмыстары жалғасуда.

Жалпы аудан бойынша осы дайындық маусымында 178 гектар жер жыртылды. Алдағы уақытта аталған жұмыстар жалғасын таппақ. Еске сала кетейік, өткен жылы өңірде егін шаруашылығы айтарлықтай оң нәтижеге қол жеткізген болатын.  өзімізді азық-түлік өнімдерімен және малды азықтық шөппен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға егістік және шабындық жерлерді ұлғайту бойынша Ақирек, Жетес би, Аманөткел, Бөген, Райым және Қаратерең ауылдық округтерінің жер учаскелеріне далалық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 493 гектар жер учаскелері шаруашылықтарға табысталып берілген болатын. Осының нәтижесінде, табысталып берілген жерлерге барлығы 704,2 гектар жерге егістік дақылдары орналастырылып, 11,7 гектар жерге картоп, 53 гектар жерге көкөніс, 170 гектар жерге бақша, 73 гектар жерге ескі жоңышқа, 221 гектаржерге жаңа жоңышқа және 175,5 гектаржерге күздік жоңышқа орналастырылып, одан орташа есеппен 163,8 тонна картоп, 636 тонна көкөніс, 2125 тонна бақша өнімдері және 401,2 тонна жаңа жоңышқа өнімдері жиналды.

Ал бақша дақылдарын егу бойынша да аудан азаматтарының әуесқой тіршілігі қызу қайнап, сала бойынша бейнетінің зейнетін көріп жатқан жандар жетіп артылады. Кейіпкеріміз Дарханбек Молжігітов те бүгінде өз ауласына егін егіп, балаларын жазғы демалыста осы кәсіпке біршама баулыды. «Бастысы егін егіп, еңбектенсең қара жердің де құр қалдырмасын балаларыма ұғындыру» дейді кейіпкеріміз. Расында мол өнім алуды көздемеген азаматтың балалары осы кәсіпте болашақта береке тапса үміттің ақталғаны емес пе? 

– Жалпы, егін егуді мен өз әкемнен үйрендім. Бұл салада тәжірибелі маманмын дей алмаймын. Алайда әкемнен үйренген азды-көпті тәжірибем балаларыма үлглі көрсетуге жараса болды. Негізі аулама дән егіп, егін суаруды бұрыннан қолға алып келемін. Сатылымға шығармасақ-та уақытында балаларымыздың осы өнімдерді өз бақшамыздан жегені олжа. Осындай мақсатпен биыл тағы да егін егуді қолға алған болатынмын. Биыл егістік көлемін ұлғайтып, тамшылатып суару әдісін қолға алдым. Нәтиже жаман емес.

«Не ексең соны орасың» демекші биылғы бақша өзімізге жетерлік өнім жақсы берді. Балаларым Алланың берген несібесін жеп жатыр. Негізі бақша егудің әдіс-тәсілін Ақбай елді мекенінен үйренген болатынмын. Қазіргі таңда Көктем елді мекенінде де 5-6 үй жер асты суы құдықты пайдаланып бау-бақша егуде. Барынша қолымнан келгенше ауылдағы бақшаларға көмектесіп қоямын. Бұл менің өзім қалаған іс болғандықтан бақшаның бабын жасауда миым тынығып, сергіп қалатыным бар, – дейді Көктем ауылының тұрғыны Д.Молжігітов.

Биылғы жылы Ақирек ауылдық округінде 300 гектардан аса аумаққа түрлі бау-бақша өнімдері мен көкөніс, мал азығы дақылдары егілді.

Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы бастап, сапалы жүргізілуінің арқасында Ақирек ауылдық округіне қарасты «Асхат-1» шаруа қожалығының алғашқы қауындары пісті. Ерте көктемде 5 гектар аумаққа «Подпленка» әдісімен егіс орналастырған шаруаның көңілі жай. Бүгінгі таңда өз өнімдерін сатылымға шығаруда. Өңірімізбен қатар көршілес облыс тұрғындары да Ақбайдың бренді саналатын – қауынға қызығушылық танытады. Алдағы уақытта тұрғындарды бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы мен өзге де аймақтарға жөнелтілу жоспарлануда. Шаруалар жергілікті кәсіпкерлер мен өңірдегі ірі, шағын дүкендерді нарық бағасынан төмен бағадағы қияр өнімімен қамтамасыз ету арқылы бағаның тұрақтылығына өз көмектерін тигізуде. Бұл жасалып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты жеке тұрғындарды төмен бағада азық-түлік, көкөніспен қамтып, аудандағы импортқа тәуелділікті азайтып, нарық бағасын тұрақтандыру болып табылады.

Осыдан бірер жыл бұрын Сыр өңірін қуаңшылық жайлап, Арал ауданында төтенше жағдай жарияланғанда көптеген олқылықтар орын алған-ды. Міне, содан кейін жағдай біршама тұрақталғанмен, екпін егін шаруашылығына түсті. Мал азығындық жем-шөп мәселесін шешу өз алдына, халық тұтынатын бақша өнімдерінің де үлесі күрт азайып кетті. Осындай мәселеден туындаған шешім бүгінде нәтиже бере бастады.

Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді. Осы ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың сұранысына сәйкес жоспарлап дайындауды тапсырды. Сондай-ақ дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп, жиын-терімнің уақытына дейін бұл бағыттағы жұмыстардың барлығына лайықты деңгейде бақылау болатындығы айтылды.

Бүгінде шіліңгір шілдені артқа қалдырып, тамыздың да жартысына жеттік. Ендігі жерде егіншіліктің жемісін ел-жұрт түгел көре бастады. Қазіргі уақытта базар сөрелеріне жеткізіліп жатқан жергілікті өнімдер екенін ескерсек, еңбектің рәтті болып жатқанын байқаймыз. Бұл істе шаруалармен қатар ауыл тұрғындарының да белсенді екенін айта кетуіміз керек. Олар да аптап ыстыққа қарамай бау-бақша жұмыстарымен айналысуды қолға алған. Нәтиже де жоқ емес.

Мәселен, Бекбауыл ауылдық округінің тұрғындары сонау 2000 жылдардан бері қол үзіп қалған егіншілік кәсіпті қайта қолға алып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар өткен 2022 жылдан бастап қарқынды қолға алынуда. Сол бір берекелі бастаманы қолға алған 10-ға жуық ауыл тұрғындары егіншілікпен қарқынды айналысып келеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің бау-бақша жұмыстарына арнап берген су айдау насосымен және жеке тұрғындар өзінің насос құралдарымен бау-бақша өндіруді қолға алды. Бүгінде сол еңбегінің жемісін жей бастаған жандардың бірі – Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Үкілісай елді мекенінің тұрғыны Қуаныш Есентаев. Ол 2-3 гектар жерге қауын, қарбыз, тағы басқа дәнді дақылдар егіп, қазіргі таңда Үкілісай ауылы тұрғындарын бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етуде. Қуаныш №265 Үкілісай негізгі мектебіндегі ұстаздық жұмысымен қатар осы жылы бау-бақша жұмыстарымен айналысып жатыр.

Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артқан. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауылшаруашылығы мамандары мен Қазақ ғылыми-зерттеу институты ғалымдары бірлесіп жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор. Осыны түсінген Арал қаласының тұрғыны Мәлік Орынбасарұлы қаладан жылыжай ашып, алғашқы өнімдерін ала бастады.

Мәлік бала кезден егін шаруашылығына қызығып өсті. Бірақ ол кездері қалада өсімдік өсіру оңай шаруа болмағандықтан бала қиялын жүзеге асыра алмаған көрінеді. Десе де сол бір кездегі санасында жаңғырған бала арманы маза бермей, ақыры қаладан жылыжай ашуды жоспарлайды.

– Өмірдің ағымымен басқа мамандықты меңгердім. Сонда да болса егін шаруашылығына деген қызығушылығым бір сәтте болсын ойымнан шыққан емес. Аудандағы жылыжай саласының тұралап тұрғандығы, онымен айналысатын адамдардың аздығы мені толғандырды. Не керек, мен осы істі қолға аламын деген шешімге келдім. Алдымен істі бастамас бұрын тәжірибемді арттыру үшін Ақтөбе қаласындағы үлкен жылыжайда өз білімімді жетілдіріп, сол жақта қандай дәрумен беру керек, қандай температурада тұру керектігін және өсіру технологияларының барлығын үйреніп, Арал қаласына келіп бос тұрған жылыжайды жалға алып, өз жұмысымды бастап кетті, – деген Мәлік кәсіпті бастау жолы туралы айтып берді.

Мәліктің негізгі мақсаты – аралдықтарды жергілікті көкөністермен, қияр, қызанақ өнімдерімен жыл бойы толықтай қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті бәсеңдету. Жалға алынған жылыжай тым ескі. Сондықтан көптеген жөндеу жұмыстарын қажет ететіндігін де Мәлік тілге тиек етті. Дегенмен ол қолда бар қаражатымен жылыжайдың жұмысын дөңгелетіп отыр.

– Қазіргі таңда меренге F1, шандини деген голландиялық қияр сорттары оңтүстік өңірдің климаттық жағдайына ыңғайлы деп есептелген мол өнім бере бастаған. Соны мен де Арал қаласында алғаш рет тәжірибеден өткізіп жатырмын. Бұл менің жылыжай саласындағы алғашқы жұмысым. Меренге F1 сорты өнім бере бастады. 10 келідей жинап, нарықтағы бағамен дүкендерге өткіздік, – дейді Мәлік.

Жалпы жылыжай аумағы 8 сотықты құрайды. Осы көлемге Мәлік 700 түп қияр, 700 түп қызанақ еккен. Қазір қызанақтар гүл шығарып, түйнек шығара бастаған. Енді бір айдың көлемінде жемісін жейтін күн де жақын деп қуанады жас бағбан.

Мәлік бұл жұмыстардың барлығын жеке қаражаты есебінен бастаған. Қазіргі таңда жас кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібімді одан әрі дамытып, жыл бойы өнім өндіріп, аудан халқына арзан бағада ұсынатын ойының бар екендігін де айтып қалды. Кәсіпкердің бастамасымен аудан әкімі Серік Сағитжанұлы да танысып, оң бағасын беріп кеткен екен.

– Менің басты мақсатым – аудан халқына арзан бағада өнім ұсыну. Бұл – менің қызығушылығымнан туған кәсіп. Сондықтан мол табысқа кенелуді көздеген емеспін. Алланың бұйырған нәпақасы болар. Мен әрбір ісімнің оң нәтиже беріп, жеміс алуымның өзі үлкен жетістік деп түсінемін, – дейді кейіпкеріміз.

Мәліктің бастамасы көп жасқа үлгі боларлық деп ойлаймын. Қазір қыбырлаған адамға тірлік көп, еңбектенген адамға табыс мол екендігін дәлелдеген кейіпкеріміз егін шаруашылығының ауырлығына қарамастан жылыжайдың жайын келістіріп, алғашқы жемісін жей бастағандығы көңілге қуаныш ұялатады.

Биыл тұрғындар мен жеке кәсіпкерлер ауданның азықтүлік оның ішінде бау-бақша, көкөніс өнімдерін сырттан тасымалдауды азайту мақсатында жемісті жұмыстар атқаруда. Сексеуіл кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Ахметжан Боханов та 240 шаршы метрді құрайтын жылыжай жұмысын бастап, қазіргі таңда голландиялық қиярдың бірнеше сортының өнімдерін алып, тұтынуда. Аталған азамат мемлекет тарапынан қолдау алып, «Қайтарымсыз грант» иесі атанған болатын. Бүгінде диқан жылыжай жұмыстарынан бөлек, отбасылық кәсіп негізінде 7 гектар жер жыртып, бау-бақша (қауын, қарбыз) дақылдарын орналастыры. 

Егіншілік десе ел-жұр Ақбайға елеңдей қарайтыны белгілі. Ақирек деп аталатын ауылдық округтің ажары бір кездердегідей емес, әлдеқайда жақсарған. Қазіргі таңда Ақирек өнімі ақтөбеліктер үшін жеңсік ас. Кеше ауылдық округ әкімі Қайрат Аманжоловпен байланысқа шығып, нендей тірлік, қандай жаңалық бар екендігі жөнінде сыр суыртпақтадық.

– Облыс пен аудан әкімінің тапсырмасына сай Жер-Ана төсінен ырзық-несібе табуға ақбайлық ағайын да бар ынтамен кіріскен. Мұның алдында да ауыл тұрғындарының егін шаруашылығымен шұғылдануды ата кәсіптің көзі қылғанын көпшілік жақсы біледі. Кезінде қасиетті жерде маңдай терін төгіп, кетпенге сүйене дамылдаған аға буын әлі бар. Көнекөздеріміз ізбасарларын аталған кәсіптен қол үзбеуге үйретіп келеді. Бақша дақылдарын, оның ішінде дәмі тіл үйірер қауын, қарбызды сатып нәпақа тапқан қожалық иелері 308 гектарға егін екті. Тарқатып айтсақ, 29 шаруа қожалық, 11 жеке тұрғын көктемгі қарекеттің нәтижесін сезініп, атыз жағалай суарылған дақылдан өнім алуда. Берісі Қазалы, арысы Ақтөбе базарында сатылған қауын, қарбыздарды алушылардың да мақтауы бөлек, – деп мұның бәрі ауылдастарының ауызбіршілігі мен еңбекке құштарлығы екенін тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, ауыл әкімі «Асхат» шаруа қожалығының төрағасы Алдоңғар Қаныбетов пен «Болатбек» шаруа қожалығының төрағасы Асылбек Қабышевтің еңбегі өлшеусіз екенін алға тартты.

Рас, аудан әкімі Серік Сермағамбетов аймақтағы орны айшықты Аралға басшылыққа келгеннен егін шаруашылығына басымдық бергені баршаға мәлім. Ол ссалғаннан әрбір аудан тұрғыны бақша егуді қолға алып, отбасылық кәсіпті өркендетуге мүмкіндік жасау қажеттігін жеткізген-ді. Атап айтсақ, өткен жылы аудан бойынша 170 гектар бақша өсіру ісі қолға алынды. Оның ішінде 11,7 гектар жерге картоп, 53 гектар жерге көкөніс бар. Бұдан бөлек 221,5 гектар жерге жаңа жоңышқа егіліп, 73 гектар жерге ескі жоңышқа, ал 175 гектар жерге күздік жоңышқа өсірілді.

Біз тақырыпқа арқау еткен Ақирек ауылдық округінде «Асхат», «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары подпленка әдісімен 7 гектар жерден қажетті нәпақаны тапты. Ондай үрдіс Атанши ауылдық округінде де жалғасып, сондағы сол жақтың тумасы, істің көзін тапқан азамат тамшылатып суару әдісімен көкөніс дақылдарын пайдаға жаратты.

Егіншілік кәсіпте еңбегі еленген азаматтардың біз әңгімеге арқау еткен еңбегі лайықты бағалауға тиіс. Себебі халық қажетіне жарайтын жергілікті өнім өсіріп шығаруда олардың еңбегі майдан қыл суырғандай. Қаншама төзім мен ыждақаттылықты қажет ететін мұндай жұмыста диқаншы қауым мақталуы тиіс. Біз бүгін сол диқаншы қауымның бір парасының еңбегін елге жеткізгіміз келді.

Тағы да оқыңыз: