Kyzylorda-news.kz. Қазақта «Ана көркі – алдындағы баласы, қала көркі – үйі, орман, ағашы» деген тәмсіл бар. Расында қала ажарын айшықтай түсетін осы бір түсінік бүгінгі күннің басты көрінісіне айналып отыр. Әсіресе Арал халқы үшін бүгінде баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып, жыл сайын су жаңа баспаналар өз иелеріне табысталып келеді. Бұл жайында басылым бетінде үздіксіз ақпарат таратып, жаңа үйге қол жеткізген, мұқтаждығын өтеген жандардың қуанышы мен ақ-адал тілегін жиі жазып отырамыз. Бұл аудандағы тұрғын үй төңірегіндегі мәселенің оң шешімін табуына бастап келеді.
Биыл да бұл бастама жалғасын таппай қалмады. «Баспана салынып жатыр екен» деген сөз халық арасында жиі естіледі. Расында қалаға кіре-беріс тұста еңсесі биік, қаздай тізілген ондаған «ақ отау» менмұндалап алыстан көз тартады. Көрген жанның «бізге қашан осындай баспана бұйырар екен?» деп іштей қызығытанын қалай жасырармыз. Иә, жинақы, жайлы салынған баспаналар шындығында өз иелерін күтіп тұрғаны анық. Ал олардың иелері кім болмақ? Осы сауалды көтеріп көрдік.
Тәуелсіз еліміз үшін қай уақытта да басты капитал ел азаматтары. Олардың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысы, әл-ахуалы, кедергісіз өмір сүруі мемлекеттің басты назарында. Бұл міндетті мемлекет те қалтқысыз атқарып келеді. Ел азаматтарына барынша жағдай жасап, қолайлы өмір қалыптастыруды қолға алғалы қашан. Республика, облыс, аудан қазынасынан қарастырылған қаржылар халық игілігі үшін игерілуде. Міне осындай қолдаудың біріне баланған біз айтып отырған бұл баспаналар да республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
Сіз бен біз жиі көріп, көзге түскен сайын қызыға қарайтын тұрғынүйлер «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына табысталатын болады.
Иә, тақырыбымызға арқау болып отырған үйлерге сырттай сүйсіну бір бөлек, ішіне енсеңіз тіпті тамаша. Аумағы 75 шаршы метрге дейінгі көлемді қамтитын үйдің іші кірсе шыққысыз. Жаныңа керектің бәрі бар. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жергілікті мердігерлердің де жұмысы өте тиянақты. Жауапкершіліктері жоғары. Көп жылдық тәжірибесі бар олар:
– Тұрғын үйлерді талапқа сай ету басты міндетіміз. Сондықтан асқан жауапкершілікпен қараймыз. Халықтың берген батасы мен айтқан алғысынан биік басқа не болуы мүмкін? Сондықтан сапалы еңбекті талап ететін бүгінгі қоғамда талапқа сай болсақ, ауданның да дамитыны сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі – құрылыс материалдарының өзгешелігінде болып отыр. Полистиролбетонмен соғылып жатқандықтан, қыс мезгілінде де үйдің жылы болатыны белгілі, – дейді.
Десе де атқарылатын жұмыстар ауқымды. Баспаналар еңсе тіктеп, тұрғындарға беруге дайын десек те жарық пен жылу кіргізу жұмыстары жүргізілуге қажетті аумақтар да бар. Бұл жұмыстардың барлығы жылдың соңына дейін толықтай аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі дейді жауапты мамандар. Бөлмесі жарыққа бөленіп, ішіне жылу енсе, үйге кірген тұрғындардың да көңіліне шаттық, өмірлеріне өзгеріс орнайтыны сөзсіз ғой. Ендеше елдің игілігі үшін бой көтеріп, қаланың ажарына сән беретін баспаналардың пайдаланылуға берілер күнін баршамыз асыға күтеміз. Армандаған сәтіне жеткен күнін де, сол шақтағы қуанышын да оқырмандарымызға алғашқы болып жеткіземіз.
Айта кетейік, біз айтып отырған 1 қабатты, 2 пәтерлі 50 тұрғын үй жылдың соңында толықтай пайдалануға беріледі. Бүгіннің өзінде 50 үйдің 42-і салынып жатса, 20-сының құрылысы аяқталған.
Сондай-ақ, 100 отбасыға қуаныш сыйлағалы тұрған бұл баспаналар қаланың бір ғана аумағында тұрғызылып жатқан жоқ. Бірнеше мөлтек ауданда қатар жүріп жатқан құрылыс барынша тұрғындардың тиімділігіне негізделген.
Елдің өркенін ерекшелеп көрсетіп, даму деңгейін дәлелдеп, көзге ұрып тұратын керемет дүниелердің бірі – құрылыс саласы дер едім. Расында тақтайдай жол мен халыққа жасалған ең қолайлы жағдайлар, зәулім-зәулім құрылыс нысандары мен тұрғын үйлер, олардың бірізді орналасуы мен көрер көзге тартымды көрінуі қандай тамаша десеңізші?! Біз тек сыртқы көрінісін ғана айтып отырмыз. Ал жасалған дүниенің игілігі мен тиімділігін көруі үшін оның артында қаншама еңбек жатыр. Асқан жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің арқасында ғана осындай жетістікке қол жеткізе аламыз. Әсілінде мұның барлығы құрылысшылардың өлшеусіз еңбегі мен қолынан шығатын таңдаулы туындыларының жемісі.
Бірақ халық арасында құрылысшылық кәсіпті қарапайым еңбектің бір түрі ретінде ғана қарау деген ұғым қалыптасқан. «Шеберді шеге қағысынан таны» деп мақалдататын халықтың дәл осылай ұстаны тануы да бекер емес болар. Себебі әр іске епті, ыңғайын жетік білетін жандар ғана бұл кәсіптің кілтін таба алады. Бірақ қалқиып көзге көрінемін дегенше әрбір құрылыс нысанын зерделеп, саралап, жобасын жасайтын азаматтарды көпшілік тани білмейді. Салынатын нысанның сызбасынан бастап қандай құрылыс материалдарын пайдаланғаны тиімді екеніне дейін нақтылайтын азаматтардың да еңбегі ерен.
Тағы бір айта кетерлігі бұл кәсіп жасқа қарамайды. Көзі таныған жан дөңгелетіп ала кетеді. Бұған бүгінгі кейіпкеріміз анық дәлел бола алады. Жас та болса өзіңнің жақсы қырымен көріне білген азамат Жасұлан Жылқышыбаев бірнеше жылдан бері құрылыс саласының қыр-сырын меңгеріп, бүгінде тіпті құрылыс материалын жасаумен айналысып жүр.
Жерлесіміз 1993 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң 2011-2015 жылдары аралығында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін құрылыс мамандығы бойынша оқып, бітірген. Дипломды қолға ала сала еңбекке кірісуді, алған білімін іс жүзінде қолдануды ойлаған Жасұлан 2015-2017 жылдары Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының құрылыс бөлімінің бас инспекторы ретінде өзінің қарым-қабілеті мен білімін көрсете алды. Ал 2017-2019 жылдары Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің бас маманы болып тағайындалды.
Бірақ кейіннен мемлекеттік қызметтен алыстап, өз бетінше жұмыс жасауды ұйғарған кейіпкеріміз 2020 жылдан бастап техникалық қадағалаушы болып еңбек атқарды. Көптеген мемлекеттік мекемелердің құрылысын жүргізуде, жеке нысандардың салынуында техникалық қадағалаушы болған ол қазірде осы саланың белортасында табысты еңбек етуде. Алған білімін практикамен шебер ұштастыра алған азамат «Алжан орда» ЖШС-ның директоры. Өзінің айтуынша:
– Талаптанған адамға табысқа жету қиын емес. Бірақ табысқа жетемін деп өз жауапкершілігіңді де ұмыт қылмау қажет. Жауапкершілікпен қарап, өз жұмысыңды тиянақты, сапалы етіп дайындасаң, басыңа бақ қонады. Сұраныс та арта түседі. Мұны өзімнің тәжірибемнен анық байқадым. Мемлекеттік қызметтен шыққан соң, 2020 жылы Қызылорда қаласынан полистиролбетон жасауды қолға алдым. Бірден жемісті еңбек ету деген түсінік болмауы қажет. «Көш жүре-бара түзеледі» дегендей еткен еңбектің де жемісін уақыт өте көре бастайсың. Мәселен бүгінгі таңда «Алжан орда» ЖШС-ның өніміне сұраныс өте жоғары. Полистиролбетонды Қызылорда қаласынан бөлек Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Қазалы, Арал аудандарынан бөлек Ұлытау облысынан да тапсырыс өте көп түседі, – дейді.
Сонымен қатар баспана салу жұмысын да қатар алып жүрген Жасұлан соңғы жылдары Арал қаласынан бой көтерген тұрғынүйлердің құрылысын салып, 25-30 адамға дейін жұмыспен қамтып келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік әлсіз топтарға арналып салынып жатқан 1 қабатты, 2 пәтерлі баспаналарда да өз қолтаңбасы қалуда.
Еңбегімен танылған азаматтың төккен тері еленіп, облыс, аудан әкімінің және Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының Алғысына ие болған. Жастайынан жұмысқа жең түре кіріскен Жасұланның алдағы уақытта да игі бастамалары мен табысты жұмысы халықты қуанышқа бөлейтініне сенім мол.