Kyzylorda-news.kz. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет екендігін айтып, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ деген болатын VIII сайланған Парламент сессиясында сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ, осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп дей келе, осы қиындықты шешу жолында ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды деп атап айтты.
Расында бұл мәселе түбегейлі қадағаланып, азық-түлік тапшылығының алдын алып отыру қажет. Десек те бұл бағытта ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Аудан көлемінде ауыл шрауашылығы өнімдерін, әсіресе егісті алқаптарын ұлғайту, одан өнім алу шаралары кең көлемде жасалып жатыр. Оған халық куә. Былтыр бірнеше рет ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындар төменгі бағада жергілікті өнімдерді алуға мүмкіндік тапты. Арал аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Жұбанов Биыл да сол бастамалар жалғасын тауып, егістік көлемі артатындығын айтты.
«Алға қойған мақсат айқын. Өңірімізде егін шаруашылығын дамыту мақсатында биылғы жылға 1500 гектар егіс егу жоспарланып, тиісті жұмыстар қазірдің өзінде басталып кетті. Сондай-ақ азаматтардың табысын арттыру және өз-өзімізді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауылда жеке азаматтардың бақша өнімдерін өндіруге жағдай жасау жөнінде облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде дақылдарын орналастыру бөлінісінің іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті тапсырмалар берілгендігін де атап өту қажет»,- деді ол.
Биыл егін шаруашылығын дамытуға берілген жоспарды жеке және шаруа қожалық иелеріне қолдау көрсете отырып орындалуына ықпал жасау да ұсынылып отыр. Себебі жергілікті өнімнің бағасы әлдеқайда қолжетімді болады. Сондықтан Мемлекет басшысының берген тапсырмасы аясында талаптар қатаң қадағаланып, нәтижесін аудан халқы көретін болмақ.
