Kyzylorda-news.kz. Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция.
Дүрбелең замандарды бастан өткеріп, ақыр соңында қазақ елі де армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Еліміздің егемендігін паш еткен айбынды Ата Заңымыз қабылданып, ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның өз көші басталды. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданғаны белгілі. Биыл бас құжаттың қолданысқа енгізілгеніне 28 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Серік Семағамбетовтың қатысуымен «Айбары асқақ - Ата заң» атты салтанатты шара өтті. Ең алды сөз алған аудан басшысы жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Ата заңымыз – егемен еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттайтын тарихи құжат. Мұнда мемлекетіміздің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың мақсат-міндеттері көрсетілген. Конституция мемлекетіміздің заң жүзінде және саяси тұрғыдан демократия қағидаттары мен заң үстемдігін ұстанатынын айғақтайды. Сондай-ақ ұзақ мерзімді даму бағдарымызды айқындайды. Конституцияның құрылым идеясы мен тарихын зерделесек, оның ғасырлар қойнауының тереңінде жатқанын көреміз. Конституция — қастерлі Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесінен жоғары қойылуы Ата Заңның басты ұстанымы болып табылады, - деді Серік Сағитжанұлы.
Бүгінгі таңда жаңартылған Конституция негізінде елімізде жаңа құқықтық жүйе қалыптасуда. Қабылданған заңдар қоғамдық қатынастардың негізгі жақтарын реттеп, еліміздің әлемдік деңгейдегі орнын жоғарылатуда. Осы бір маңызды құжаттың мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада бірқатар сала майталмандарына құрмет көрсетіліп аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке жаңадан кіріскен жас кадрлар көпшілік алдында ант қабылдады.
Әрбір қазақстандықтың Конституциясының мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы мен өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білу, өз міндеттемелерін қастерлеп сақтап, орындауы маңызды. Конституция біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мемлекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзетінде болу. Осынау қол жеткізген жетістіктерді баянды ете отырып, оны ары қарай жалғастыру, елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың және бүгінгі білім алып отырған жастарымыздың абыройлы борышы екендігі даусыз. Елдігімізді ерекшелеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен шара аудан өнепаздарының концерттік бағдарламасымен қортындыланды.