Kyzylorda-news.kz Руханият орталығында «Әкенің қоғамдағы рөлі» тақырыбында әкелермен кездесу өтті.
Тағылымды басқосуға аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ержан Ескендір, зиялы қауым өкілдері, белсенді әкелер мен қоғам мүшелері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда өнегелі әке бейнесін қалыптастыру.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев әкенің отбасы мен қоғамдағы орнына тоқталып, алдағы Республика күнімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады. Өз сөзінде ол әке тәрбиесінің ұрпақ болашағын қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, отбасы құндылықтарын сақтау мен жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берудің ортақ міндет екенін жеткізді.
«Әке көрген оқ жонар» деген халқымыз ұрпақ тәрбиесінде әкенің өнегесіне ерекше мән берген. Әке – отбасының тірегі ғана емес, балаға өмірлік жол көрсететін, бойына адамгершілік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіретін тұлға. Сондықтан әкенің бала өміріне белсенді араласуы тәрбиелі ұрпақ пен берік қоғам қалыптастырудың маңызды негізі.
Басқосуда «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Ержан Ескендір әке институтын нығайту, әкелердің қоғамдық белсенділігін арттыру және отбасы тәрбиесіндегі әкелік жауапкершілікті күшейту бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сондай-ақ №220 мектеп-лицейінің Әкелер кеңесінің төрағасы С.Акуов бала тәрбиесіндегі әке өнегесі мен мектеп, отбасы және қоғам арасындағы өзара байланыстың маңызына тоқталды. Ал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, ақын А.Сайлауов әкелік тәрбие, ұлттық болмыс пен ұрпақ сабақтастығы туралы тағылымды ойларын ортаға салды.
Кездесудің маңызды кезеңдерінің бірі Арал аудандық Әкелер кеңесін құру және оның төрағасын сайлау мәселесі болды. Қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, кеңестің алдағы жұмыс бағыттары талқыланды. Жаңа қоғамдық құрылымның отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, әкелердің өзара тәжірибе алмасуына және жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Жиын соңында ел ағасы Н.Шүйіншәліұлы қорытынды сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Тағылымды кездесуде әке беделін көтеру, балаға өнеге көрсету, отбасындағы жауапкершілікті нығайту және ұлттық тәрбие сабақтастығын сақтау мәселелері кеңінен сөз болды.

