Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің атқарып жатқан жұмыстары елдің көз алдында. Соңғы бір ай көлемінде ауданға қарасты барлық елді мекендерді аралап жүрген аудан әкімі ел алдындағы есепті кездесуді Арал қаласында түйіндеді. Сол кездесуде инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысы кездесуде мемлекеттік бағдарлама бойынша қаладағы №5, №6 шағын аудандарында электр және су желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта бұл жұмыстар аяқталған соң кезектілікке сай азаматтарға жер телімдері берілетінін атап өтті.
Аудан бойынша қазіргі таңда жер учаскесін алуға 7 мыңнан астам адам кезекте тұр. Бүгінде осы кезектілікті азайту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал қаласындағы №5 шағын ауданында электр желісінің құрылысы мен №6 шағын ауданында электр желісінің және су желісінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта республикалық бюджеттен 567 млн теңге қаралса, биылғы жылға құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 62 млн теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ №8 мөлтек ауданда жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаржы тартылды. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға 2008-2011 жылдар аралығында кезекте тұрған 1043 тұрғынның өтініштерін қанағаттандыруға мүмкіндік беруде, – деді С.Сермағамбетов.
Соңғы жылдары дәстүрлі түрде қолға алынып келе жатқан бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын тауып, жер алу үшін кезекте тұрған азаматтардың тілегі орындалады деген сенім мол.