Kyzylorda-news.kz Елімізде түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін кәсіпорындар санаулы ғана. Соның ең үлкені және қуаттылығы жоғарысы Түркістан облысында орналасса, содан кейінгі өндіріс орны Арал ауданында іске қосалады деп күтілуде. Бұл – «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасы.
Құны 3 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба бірнеше жыл бұрын басталғанымен, біраз уақыт құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған еді. Биыл бұл іске қайта серпін берілді. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев өндіріс орнында болып, жоба жетекшісі, «Qazaq Camel» ЖШС басшысы Н.Абулгазинмен кездесті.
Арал ауданы Қызылорда облысы бойынша түйе малын көп өсіретін бірегей өңір. Қазіргі таңда ауданда 37 мыңнан астам түйе тіркелген. Сондықтан өндірісті дәл осы аймақта жолға қою тиімді шешім деуге толық негіз бар.
Қазіргі уақытта зауытқа Қытайдан арнайы мамандар шақырылып, өнім өндіруге арналған құрылғылар орнатылуда. Бұған дейін салынған негізгі ғимарат жанынан сүтті кептіруге арналған қосымша нысан бой көтеріп жатыр. Биіктігі шамамен 7 қабатты үймен тең ғимаратта түйе сүтінен дайындалған өнім арнайы құрылғылар арқылы кептіріледі.
Зауыт тәулігіне 20 мың литр түйе сүтін өңдеуге қауқарлы. Шикізат ауылдық жерлерден арнайы техникамен жеткізілетін болады. Осы арқылы түйе шаруашылығымен айналысатын тұрғындардан сүт қабылдау жүйесі де жолға қойылады.
Зауыт іші қарбалас жұмыс. Жауапкершілік арқалаған әр маман өз ісіне мұқият зер салып, аса қымбат құрылғыларды техникалық талаптарға сай орнату үстінде.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мұнда жүргізіліп жатқан жұмыстарға куә болып, жоба жетекшісімен тілдесу барысында жергілікті билік тарапынан өндіріс орнына қажетті қолдаулардың барлығы жасалатынын жеткізіп, маңызды жобаны жыл соңына дейін іске қосуға жұмыс жасауды тапсырды.

