Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында экологиялық ағарту шаралары қарқынды жүруде. Арал теңізінің құрғаған түбіне 4 жылда 600 мың гектардан астам жерге сексеуіл отырғызылды. Биыл 211 мың га, 2025 жылы қалған 280 мың га аумаққа ормандандыру жұмыстары жүргізіледі.

«Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы ормандандыру жұмыстарына халықаралық ұйымдар мен ірі шетелдік компаниялар да кеңінен тартылуда», - деді өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев көшпелі ОКҚ баспасөз конференциясында.

Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен 1 млрд. 800 млн. теңге қаржы бөлініп, 96 арнайы техника, 49 қажетті құрал-жабдық сатып алынды.

«Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы ормандандыру жұмыстарына Еуропа елдерінен грант тарту үшін Сыртқы істер министрлігінің келісімімен Еуроодаққа мүше мемлекеттер елшілерін өңірге арнайы шақырдық. Мамыр айында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Юрьевич Василенко бастаған 20 елші келді. Арал өңіріндегі жұмыстармен танысып, қолдау көрсету жөнінде алдын-ала келісім жасалды. Нәтижесінде, Арал өңірінің экожүйесін жақсарту бағытында нидерландық «DGB Group» және қытайлық «BGI Group» компанияларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жоспарға сай атқарылып, белгіленген мерзімде аяқталатын болады. Жұмыстар тұрақты бақылауымда» – деді Н.Нәлібаев.

Арал өңіріндегі ормандандыру жұмыстарына отандық компаниялармен қатар, шетелдік ұйымдар да кеңінен тартылуда. Мәселен, америкалық «USAID» Халықаралық даму агенттігі «Аралды құтқару қоры» арқылы құрғаған ұлтандағы сексеуіл екпелерін суаруға алғаш рет ұңғымалар қазып, 500 гектар аумаққа «Оазис» демонстрациялық алаңын құрды. Осындай жобаны жүзеге асыруда отандық «Freedom Finance» холдингі басшылығымен де келісімге қол жеткізілді.

Тағы да оқыңыз: