Kyzylorda-news.kz. Жиын барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекнияз, жоба менеджері Рустам Исаходжаев және өзге де мамандар тақырыпқа байланысты ой-пікірін білдірді.

Арал теңізінің жағдайы әлемге аян. Экологиялық ахуал күрделі. Қазір өңірде шаңды және құмды дауыл жиі көтеріледі. Оның барлық тіршілік ырғағына, әсіресе, балық аулайтын және мал шаруашылығымен айналысатын халық еңбегіне кері әсерін көріп отырмыз.

АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) аймаққа қатысты жобаларын жүзеге асырып келеді. Бұл орайда халықаралық даму ұйымдарының өкілдері мен сала мамандары Арал өңіріне экспедициялар ұйымдастырды.

Арал ауданының Қаратерең елді мекенінен 50 шақырым қашықтықта сексеуіл өсіру қолға алынып, сол арқылы экожүйені қалпына келтіруге бетбұрыс жасалды.

Елімізде орман алқабының 60 пайызға жуығын сексеуіл құрайды. Бұл ағаштың басым бөлігі біздің облыс аумағында жатыр. Экологиялық жағдайға байланысты теңіз табанынан тұз бен шаң ауаға тарайды. Қазіргі таңда Аралды құтқару қоры USAID-пен бірге 500 гектарға сексеуіл егу жобасын қолға алды. Оның ішінде 150 гектары қолдан егілсе, қалған бөлігіне өзге жаңа технологиялар пайдаланылады. Негізінде сексеуіл құмды жерде жақсы өседі. Жергілікті мамандар қаншама жылдан бері тәжірибе жинады. Сексеуіл өсіруді жақсарту мақсатында дәнді арнайы пакеттерге салып егу әдісіне мән берілмек. Кәдімгі тәсіл бойынша оның өсу көрсеткіші 30 пайызды құраса, бұл әдіспен 60-80 пайызға артып отыр, – деді  Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова. 

Халықаралық қордың негізгі мақсаты – Арал теңізі алабының қазақстандық бөлігіндегі су шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайды жақсарту. Бұл бойынша өзекті мәселелерді шешуге және практикалық іс-шараларды үйлестіруге қолдау көрсетіледі.

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов екі күнге созылған конференцияны қорытындылап, жиынға келген барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, жиын соңында Арал өңірінің қазақстандық бөлігі бойынша су шаруашылығы, экологиялық-әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге үлес қосқан бір топ азаматтар марапатталды.

 

Тағы да оқыңыз: