Kyzylorda-news.kz Кеше ғана бұл жерде теңіз болған. Бүгінде Аралдың ұлан-ғайыр құрғаған табанында сексеуіл өсіп келеді. Ал теңіздің солтүстік бөлігінде керісінше үдеріс жүріп жатыр: Қазақстан Кіші Аралға (Қазақаралға), суды қайтаруға күш салуда. Өзбекстан болса Оңтүстік Аралдың құрғаған табанын кең көлемде көгалдандыруда. Екі бағыттың мақсаты ортақ – Арал апатының зардаптарын азайту. Бірақ олардың теңіздің болашағына ұсынатын жолдары әртүрлі. Сонда бұрынғы теңіз орнында не болуы керек: су ма, жасыл желек пе, әлде екеуін де ұштастыратын жаңа табиғи орта ма?
Теңіз кетті, мәселе қалды
Арал апаты – адамның шаруашылық әрекеті тұтас бір өңірдің табиғатын қалай өзгерте алатынын көрсеткен ең белгілі мысалдардың бірі. Өткен ғасырдың ортасында Арал әлемдегі көлемі жағынан төртінші ірі ішкі теңіз еді. Оның су айдыны шамамен 68-69 мың шаршы шақырымды алып жатты. Кейін Амудария мен Сырдария сулары егістікке барған сайын көп мөлшерде бұрыла бастады. Каналдар мен су қоймалары салынды, су электр станциялары тұрғызылды. Мақта мен күріш егістіктері кеңейді. Экономикалық міндеттер орындалды. Бірақ табиғатқа келген шығын орасан болды. Теңіз өз аумағының 90 пайыздан астамын жоғалтты. Біртұтас Аралдың орнында бірнеше бөлек су айдыны қалды. Ал теңіздің құрғаған оңтүстік бөлігінде көлемі шамамен 6 миллион гектар болатын жаңа Аралқұм шөлі пайда болды. Жердің тұздануы, шөлейттену мен шаңды-тұзды дауылдар өңірінің күнделікті мәселесіне айналды. Алайда соңғы жиырма жыл Арал тарихының тек теңізді жоғалту тарихы емес екенін көрсетті. Кейбір жерде суды қайта қайтаруға болады екен.
Су қайтып келгенде
2005 жылы Қазақстанда Көкарал бөгеті салынды. Ол Кіші Аралды теңіздің қалған бөлігінен бөліп, Сырдария суын Солтүстік Аралда ұстап қалуға мүмкіндік берді. Нәтиже көп күттірмеді. Су деңгейі көтерілді, тұздылық төмендеді, балық қоры қалпына келе бастады. 2026 жылға қарай Солтүстік Аралдағы су деңгейі Балтық жүйесі бойынша шамамен 42 метрге жетті. Сумен бірге балық шаруашылығы да жанданды. Бұл жағалаудағы елді мекендер үшін жұмыс орындарының және экономикалық тіршіліктің қайта оралуын білдірді. Көкарал бөгеті бір маңызды нәрсені дәлелдеді: Аралдың құлдырау үдерісін белгілі бір аумақта кері қайтаруға болады.
Бірақ осы жетістік жаңа сұрақ туғызды: бұдан әрі не істеуге болады?
Мәселенің түйіні – суда. Сырдария мен Амудария суы Орталық Азия елдерінің егін шаруашылығына, қалаларына, өнеркәсібі мен энергетикасына қажет. Аралға келетін суды көбейту үшін жоғары ағыстағы су шығынын азайту немесе суды пайдалану тиімділігін едәуір арттыру керек. Сондықтан Аралдың тағдыры Қазақстан мен Өзбекстанға ғана байланысты емес. Ол бүкіл Орталық Азияның су саясатына тікелей қатысты.
Теңіз орнында сексеуіл өсіп келеді
Суды қайтару әзірге мүмкін емес жерлерде басқа жол таңдалды. Өзбекстан Аралдың құрғаған табанын кең көлемде көгалдандыруды бастады. Кейін бұл жұмысқа Қазақстан да қосылды. Аралқұмда негізінен сексеуіл, жыңғыл және тұзды әрі сусыз жерде өсе алатын басқа да өсімдіктер отырғызылуда. Олардың міндеті – құм мен тұзды бекіту, шаңды дауылдарды азайту және біртіндеп тұрақты өсімдік жамылғысын қалыптастыру. Жұмыстың ауқымы үлкен. Баспасөзде келтірілген мәліметтер бойынша, Өзбекстанда 1,5 миллион гектардан астам, Қазақстанда 500 мың гектарға жуық аумақ көгалдандырылған. Осылайша Аралды сақтаудың екінші бағыты пайда болды.
Біріншісі – теңізге суды қайтару. Екіншісі – теңіз кеткеннен кейін қалған жерді қауіпсіз ету. Бұған дейін бұл екі бағыт бірін-бірі толықтырады деген түсінік басым болатын. Алайда соңғы ғылыми деректер мәселенің әлдеқайда күрделі екенін көрсетіп отыр.
Құрғаған теңіз табаны нені жасырып жатыр?
2022 жылы испаниялық ғалымдар Қызылорда облысының Арал ауданындағы жергілікті белсенділердің тікелей қатысуымен теңіз түбінің шөгінділерін зерттеді. Зерттеу нәтижелері осы жылда әйгілі Science журналында жарияланып, халықаралық баспасөздің назарын аударды. Ғалымдар Аралдың құрғаған табанының тағы бір қауіпті қырын анықтады. Ол атмосфераға көмірқышқыл газын бөледі. Зерттеушілердің есебі бойынша, теңіз қарқынды тартыла бастаған 1960 жылдардан бері құрғаған табаннан шамамен 748 миллион тонна CO₂ бөлінген. Ал теңіз түбіндегі шөгінділерде қалған органикалық көміртек болашақта тағы 605 миллион тоннаға жуық CO₂ бөлуі мүмкін. Мұның себебін қарапайым түрде түсіндіруге болады. Теңіз түбі су астында жатқан кезде органикалық заттар ауамен тікелей жанаспайды. Су кеткен соң топыраққа оттегі енеді. Органикалық заттар ыдырап, олардың құрамындағы көміртек атмосфераға тарай бастайды. Осылайша бұрын көміртекті сақтап тұрған теңіз табаны енді оны ауаға бөлетін аумаққа айналады. Ғалымдар тағы бір маңызды қорытындыға келді. Аралқұмның аса құрғақ жағдайында өсімдіктер топырақтан бөлінетін көмірқышқыл газын толығымен сіңіре алмайды. Сондықтан мәселені тек көмірқышқыл газының бөлінуін азайту тұрғысынан қарастырсақ, құрғаған табанның бір бөлігін қайтадан сумен жабу көгалдандырудан тиімді болуы мүмкін.
Су ма, әлде жасыл желек пе?
Бұл сексеуіл отырғызудың қажеті жоқ дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Көгалдандырудың басқа да маңызды міндеттері бар. Өсімдіктер топырақты бекітеді, құм мен тұздың желмен таралуын азайтады және жаңа өсімдік жамылғысының қалыптасуына жағдай жасайды. Жаңа зерттеу мұны жоққа шығармайды. Ол тек жасыл желек теңіздің барлық табиғи қызметін толық алмастыра алмайтынын көрсетеді. Дегенмен осы тұста екі бағыттың арасындағы қайшылық анық байқалады. Егер бұрынғы теңіз табанында ондаған жыл бойы тұрақты құрлық экожүйесі қалыптастырылса, бұл аумақ біртіндеп құрлық ретінде орнығады. Ал болашақта сол жерге су қайтару жоспарланса, ұзақ мерзімді көгалдандырудың мәні төмендейді. Қай жолды таңдау керек? Мүмкін, біреуін ғана таңдаудың қажеті жоқ шығар.
Бұрынғы Аралдың аумағы өте үлкен. Сондықтан бүкіл өңірге бір ғана шешім ұсыну дұрыс емес. Кіші Аралдың тәжірибесі көрсеткендей, өзен суын жеткілікті мөлшерде жеткізуге мүмкіндік бар жерде теңізді қалпына келтіруге болады. Оның табиғатқа ғана емес, жергілікті экономикаға да пайдасы бар. Сырдария мен Амудария атырауларындағы көлдер мен сулы-батпақты жерлерді сақтау үшін де су қажет. Ал Аралқұмның кейбір ұлан-ғайыр бөлігіне судың жақын болашақта қайта келуі екіталай. Мұндай жерлерде көгалдандыру экологиялық зардаптарды азайтудың ең қолжетімді жолдарының бірі болып қала береді. Сондықтан екі бағытты бір-біріне қарсы қоюдың орнына, оларды аумақтарға қарай бөлу қажет. Суды қайтаруға мүмкіндік бар жерлерді суландыру керек. Суды қайтару мүмкін емес аумақтарды көгалдандыру қажет. Ал өзен атырауларында су айдындарын, өсімдік жамылғысын және шаруашылық қызметін қатар дамытуға болады. Ал бұл басқа Арал теңізі болады, бұрынғы теңіз емес, бірақ ол жай ғана шөл де болмауы мүмкін.
Теңізді қайтарудан табыс табуға бола ма?
Жаңа зерттеу тағы бір қызықты ұсыныс жасайды. Ғалымдардың есебі бойынша, суды тиімді пайдалануға шамамен 8,5 миллиард еуро жұмсалса, 1960 жылғы Арал аумағының жартысына жуығын қалпына келтіруге жағдай жасауға болады.
Мұндай қомақты қаражатты қайдан алуға болады?
Зерттеушілер қажетті қаражаттың бір бөлігін «көміртек несиелері» нарығы арқылы тартуды ұсынады. Көміртек несиелері атмосфераға шығарылатын көміртек газдарды, соның ішінде көмірқышқыл газы (CO₂) мен метанды азайтуға бағытталған халықаралық нарықтық тетіктердің бірі. Осындай газдар шығарындыларын азайту немесе олардың алдын алу белгілі бір көлемдегі көміртек бірлігі ретінде есептеліп, нарықта сатылуы мүмкін. Қазақстанда мұндай тетіктерді қолдануға қажетті заңнамалық негіз қалыптасып, бұл бағыт соңғы жылдары дами бастады. Оның мәні қарапайым: егер теңізге судың қайтарылуы құрғаған табаннан көмірқышқыл газының бөлінуін тоқтатса, алдын алынған шығарындылардың экономикалық құны пайда болады. Ғалымдар оның ықтимал көлемін 3,1-15,8 миллиард еуро деп бағалайды. Әзірге бұл дайын жоба емес, талқылауды қажет ететін ұсыныс. Дегенмен ол Аралға деген көзқарасты өзгертеді. Теңізді қалпына келтіру тек көп қаражатты қажет ететін экологиялық шара емес, болашақта климаттық және экономикалық жобаға да айналуы мүмкін.
Теңіз жағасында қалыптасқан ғылым
Бұл үдерістің тағы бір маңызды қатысушысы бар. Ол – Арал маңында тұратын халық. Осы тұрғыдан «Арал Теңізі» сияқты қоғамдық ұйымдардың тәжірибесі ерекше маңызды. Теңіз жағасында ондаған жыл бойы өмір сүріп келе жатқан адамдарда жерсеріктік суреттер мен қысқа мерзімді ғылыми сапарлар бере алмайтын білім бар. Балықшылар судың қалай өзгеретінін күн сайын көреді. Олар балықтың қай жерде көбейіп немесе азайып жатқанын, жағалау мен атыраудағы көлдердің қалай өзгеретінін ұзақ жылдар бойы бақылап келеді. Осындай жергілікті тәжірибе кәсіби ғылыми зерттеулермен ұштасқанда, бүгінде «азаматтық ғылым» деп аталатын бағыт қалыптасады. Мұның маңызы әсіресе қазір артып отыр. Өйткені мәселе енді Аралдың өткенінде ғана емес, оның болашағында.
Біз келер ұрпаққа қандай Арал қалдырамыз?
Өткен ғасырдың ортасындағы Аралды бұрынғы қалпында толық қайтару бүгінде өте қиын. Осы уақыт ішінде халық саны да, ауыл шаруашылығы да, су тұтыну көлемі де, бүкіл өңір экономикасы да өзгерді. Бірақ бұл Аралдың болашағы алдын ала шешіліп қойды деген сөз емес. Кіші Арал суды қайтаруға болатынын көрсетті. Аралқұм тәжірибесі құрғаған теңіз табанын өсімдікпен бекітуге болатынын көрсетті. Ал жаңа ғылыми зерттеулер әрбір шешімнің өз мүмкіндігімен қатар, өз шектеулері де бар екенін ескертеді. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ «су ма, әлде жасыл желек пе?» деген таңдаумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы, бұрынғы теңіздің қай бөлігіне суды қайтара аламыз, қай бөлігін көгалдандыру қажет және олардың арасындағы шекара қай жерде болуы тиіс? Бұл мәселені ғалымдар мен мемлекеттік мекемелер ғана шешпеуі керек. Оған халықаралық ұйымдармен бірге Арал маңында өмір сүретін халықтың өзі де қатысуы қажет. Өйткені әлем үшін Арал – үлкен экологиялық апаттың белгісі. Ал Арал халқы үшін ол – туған жер, тіршілік көзі және болашақ.
Махамбет Таиров,
«Арал Теңізі» ҚБ ғылыми кеңесшісі
Сурет: earthobservatory.nasa.gov
