Kyzylorda-news.kz Арал теңізінің құрғаған түбін көгалдандыру жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, 2024 жылдан бастап Арал теңізінің құрғаған табанындағы орман мелиорациялық шаралар бюджеттен тыс, ірі компаниялардың қаржысы есебінен жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, "ҚазМұнайГаз" компаниясының қолдауымен өткен жылы көктемде 15 мың гектар жерге 4,4 миллион сексеуіл көшеті отырғызылды. Биыл КАТКО компаниясымен бірлесіп, 2,2 млрд теңге бөлініп, 120 мың гектарға сексеуіл тұқымы себілді және 12 мың гектарға көшет отырғызылды, – деді министр.

Сапалы көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында арнайы орман питомниктері құрылып жатыр. Өткен жылдың соңында Қазалы қаласында 33 гектар аумақта қуаты жылына 3 миллион көшет болатын питомник салынып, алғашқы 10 гектарына сексеуіл тұқымы егілген.

Аралдың құрғаған аумағында да жеке питомник жобаланып жатыр. Қазірдің өзінде 15 гектар аумақта ұңғымалар бұрғыланып, инженерлік жұмыстар атқарылуда. Бұл питомникте сол өңірдің климатына бейімделген көшеттер өсірілетін болады, – деді Ерлан Нысанбаев.

Министрдің айтуынша, осы жылдан бастап барлық жұмыстар Қызылорда облысында құрылған Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының филиалының ғылыми сүйемелдеуімен жүзеге асырылып жатыр.

Сала сарапшылары мен ғалымдар сексеуілді отырғызу жұмыстарының тиімділігіне жоғары баға беріп отыр, – деді министр.

Фото kazaral.org

Тағы да оқыңыз: