Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге қатысты мәжіліс өтті. Жиында су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының жаңа басшысы Зейнулла Қазтоғанов таныстырылды. Алдымен аймақ басшысы осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген Қайратбек Сәрсенбаевты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтады.

«Әріптесіміз Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық қаржы басқармасының басшысы, Шиелі, Жалағаш аудандарының әкімі, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстанымы жас мамандарға үлгі болды. Әр шешімінде әділдік пен адалдықты алға қойып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Барша Сыр жұртшылығының атынан деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз», – деді аймақ басшысы.

Жиында Қайратбек Әубәкірұлы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс әкімі Зейнулла Қазтоғановтың жаңа қызметіне  сәттілік тілеп, бірқатар міндеттерді айқындады.

«Жаңа басшыға Халықаралық Аралды құтқару қоры мен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының шешімдерін жүзеге асыруды, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды, Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу бағытындағы жұмыстарды тапсырамын»,– деді Н.Нәлібаев.

Зейнулла Молдағалиұлы 1972 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндіріс инженерлері институтында инженер-мелиоратор мамандығы бойынша білім алған. 1998-1999 жылдары Су ресурстары комитеті «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігінің инженері, 2000-2023 жылдары Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясында түрлі қызметте болған. 2023 жылдан бастап осы күнге дейін инспекция басшысының орынбасары болды.

Тағайындау.jpg

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: