Kyzylorda-news.kz. Бүгінде ел экономикасының дамуына бағытталған басты қозғаушы факторлардың бір бағыты – кәсіпкерлік саласы екені жасырын емес. Елдің қазынасын толтырып қана қоймай жұмыссыздықпен күресті оңтайландыруда да осы саланың беріп отырған серпіні тым ерекше. Сондықтан мемлекеттің де назарынан тыс қалмай, ұдайы қолдауға ие болып келе жатқан кәсіпкерлердің табысты еңбегі еселі десек қателеспейміз. Әсіресе бұл ретте жастардың өз ісін бастап, оны жандандыру, ары қарай дамытуға деген жоспарлары, сол жоспарды жүзеге асырудағы шаралары көңіл қуантады. Олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасы мен тың идеялары тек өздерін емес, өзгелерді де шабыттандырып, осы бағытта еңбек етуге үлкен көмек болып отыр.

Расында тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері кәсіпкерлік бағытындағы түрлі қиындықтарды бастан өткердік. Ол жасырын емес. Бастайтын істі толықтай зерделеп, жоспарлап алмай қолға алынғандықтан кәсіптің өміршеңдігі де ұзаққа созылмағанын көріп, біліп жүрдік. Ал бүгінде жүйелі жұмыс пен жетістікке жетуге бағытталған бағдардың нәтижесінде ауданымыздың өзінде бірнеше мыңдаған азамат кәсіппен айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2030 жылға қарай жұмыс күшінің үштен бір бөлігіне жуығы цифрлық дағдыларды меңгерген және ерекше қабілеттері бар жастар болады. Оларды тиімді пайдаланған жөн. Үкімет "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кадрларды әзірлеу үшін ұзақмерзімді бағыттарды айқындауға тиіс. Яғни алдағы 10-12 жылға арналған құзыреттер болжамын жасау қажет" деген болатын. Міне, кәсіпкерлер палатасының жұмысы қазірдің өзінде өз жемісін беріп отыр. 

Мемлекеттің толағай қолдауының нәтижесінде кәсібінің көкжиегін кеңітуге, арманындағы адал ісін жүзеге асыруға мүмкіндік алған жандардың қарасы ауданымызда да өте көп. Қазірде аудан көлемінде 6000-нан аса кәсіпкер тіркелсе, биыл қайтарымсыз гранттың жемісін көруге 300-ден аса адам өтініш қалдырып, бақ сынаса, соның алғашқы екі легі бойынша 70 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Міне, табысты еңбектің тура жолын тапқан жандардың қатарында қазірдің өзінде қарқынды еңбек етіп, кәсіпкерліктің тілін меңгерген жандар да бар. Кәсіпкерлік бағытта барынша табысты еңбек етуді меңгерген Арсена Күшжанова өзінің ерекше жұмысымен тұтынушыларын таңдандырып келеді.

1988 жылы көршілес Қырғызстанның Ыстықкөл облысында дүниеге кейіпкеріміз бүгінде Аралдың келіні, төрт баланың анасы. Отбасылық қызмет пен келіндік міндетін адал атқарып келе жатқан Арсена бүгінде кәсіпкерлік саласында жан-жақты бағын сынап, табысты еңбек етуде. Қазіргі уақытта касметикалық дүкеннің иесі тағы бір ерекше жұмысымен жұртшылықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді.
Нақтырақ тоқталар болсақ көздің жауын алатын түрлі пішіндегі сувинерлік сабындар жасап, өнімі кеңінен таралып үлгерген. Осы жайында сұрағанымызда кәсіп иесі:

– Кез келген жұмысты бастауға бір себеп табылады ғой. Менің де өз себебім бар. Алғашында бұл тек хобби болатын. Бірақ декреттік демалыста отырған уақытымда 2017 жылы қызымның үстіне майда бөртпелер шықты. Ана баласы үшін қандай нәрсеге де дайын тұрады емес пе?! Мен де қызымның денсаулығына қатты алаңдадым. Сол уақытта эфир майы арқылы, басқа да қоспалар қосып оның оң әсер беретінін білдім. Сосын осындай емдік қасиеті бар сабынды жасауды қолға алып, бірнеше данасын жасадым. Алғашында жақындарым және сабынның падасын естіген бірнеше адам сатып алды. Бірақ ол уақытта қазіргідей жарнамалауға мүмкіндік аздау болды. Сондықтан сұраныс та аздау болғандықтан, ол кәсіптен қол үзіп кеттім. Және дәл сол уақытта оны кәсіп қыламын деп ойламаған да болатынмын, – дейді.

Бірақ қазіргі уақытта жарнамаға да мүмкіндік бар, халықтың да талғамы бөлек уақыт. Бүгінгі уақытта сәндік сабындарға да сұраныс өте жоғары. Тойтабаққа, өзге де тарту жасауға әсемдігі мен ерекшелігіне қарап сәндік сабындарға тапсырыс берушілер өте көп. Сондықтан сабын жасауға ден қойдым. Алдағы уақытта қолдан келер дүниені дамыту мақсатында жан-жақты жұмыс істеп, мемлекеттің қолдауын да пайдаланғысы келеді.

– Жақында ауданға арнайы келген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықовтар көрмеге қойылған өнімімді көріп, ерекше қызығушылық танытты. Мұндай тың жаңалықты қолдауда облыстан да ерекше көмек болатынын айтты. Себебі мұндай сәндік сабын жасап отырған өзге кәсіпкер болмағандықтан, бәсекелстік те аз. Сол себепті әрі қарай дамытуға жағдай жасаймыз деді, – деп қуанышты жаңалығымен де бөлісті Арсена.

Расында кәсіпкерлік саласында тың бастама мен жаңашылдық өте маңызды. Ендеше заман талабына сай өнім дайындап отырған Арсенаға біз де табыс тілейміз.

Грантқа қол жеткізген келесі кейіпкеріміз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Қазірде еңбекке жарамды халықтың арасында бизнес саласына бет бұрғандар көп. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын әлі де күшейту қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан, ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет» деген сөзінен қанаттанған көп балалы ана Гүлсара Айтпақова да осы салада жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлердің бірі. Биыл наурызда мемлекеттің қолдауына ие болып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Гүлсара қалада отырып құс өсіруді кәсіп кеткен.

Алғашында қызығушылықпен бастаған жұмысы кейіннен өзінің кәсібіне айналады деп ойламаса керек. Осыдан 5 жыл уақыт бұрын оншақты тауық бағып бастаған кәсіпкер бүгінгі таңда құстың осы түрінің өзінен бірнеше түрін өсіріп отыр. Нақтырақ тоқталсақ адлер, кучин, голощекин парадоларын көбейтіп отыр.

– Адам қай жұмысты болса да сүйіп істеуі керек. Басында тауықпен басталған бизнесімнің бүгінде көкжиегі кеңейіп отырғаны да содан болар деп ойлаймын. Өйткені ерекше ықылас қойып, күтім жасамасаң оларды көбейту де қиынға соғады. Қазіргі уақытта тауықтың бірнеше түрімен қатар қаз, үйрек, күркетауық та бағып жатырмын. Тіпті өте сирек кездесетін тауыс та бағып отыр. Олардың өзін, жұмыртқасын сатып қана қоймай, басын көбейтуді де мақсат қылдым. Осы орайда аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсауле Ембергенова мен Атамекен палатасының қызметкері Нұрлан Бердібекұлына алғысым шексіз. Бастаған істі үйлестіріп, қолға алған жұмыстың ауқымын арттыруда орынды кеңес беріп, таптырмас мүмкіндік жасады. Солардың кеңесінің арқасында мемлекеттік грантқа ие болып, Түркістан қаласынан жұмыртқа алдырып инкубатор аппаратын алдым. Құстардың жұмыртқасын салып, соңғы күндері алғашқы балапандар шығып жатыр, - дейді Гүлсара Айтпақова.

Өз кезегінде осындай бастаманы қолға алған тұста тілекші болып, көмек беріп келе жатқан отбасына алғыс айтты. Жолдасы Асанхан Тишев екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Қыз ұзатып, құдандалы болған шаңырақ. Асанхан аудандық мәдениет орталығында жұмыс жасайды. Мұнан бөлек оның да жеке кәсібі бар. Балдарымның барлығы өнер жолында. Ұлдары Рамазан музыка маманы ретінде баян аспабын игерсе, Аслан – барабаншы. Қазір 1 курс студенті. Инабат Сырдың бойында қалыптасқан жыраулық өнерді жанына серік етіп, осы жолда дәріс алып, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда марапат төрінен көрініп жүр. Ал кенжесі Айкөркем 1 жасқа толады.

Кәсіп иесі алдағы жоспарларымен де бөлісіп өтті. Кәсібін ұлғайтуды көздеп отырған Гүлсара жанына адам алып, жұмыспен қамтуғысы келеді. Сонымен қатар жер беріліп жатса құс өсіруді одан әрі дамытпақ. Арнайы бассейн жасап, олардың көбеюіне барынша жағдай жасауды көздеп отыр.

Ерекше кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер Аралдық бренд қалыптастырып, табысты жұмысы мен жағымды жаңалықтарын әлі талай ақпараттандырамыз деген сенім бізде де мол.

Сексеуіл кентінде жасалып жатқан шұжықтың иесі Шарбану Мамытова да гранттың игілгін көрген жандардың бірі. Шарбану бүгінде бір шаңырақтың келіні, 4 баланың анасы. Мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Темір жол колледжін бітіріп, кәсіби мамандық алып шығады. Бірақ мамандық бойынша қызмет жасамағанымен, үй шаруасында жүріп жаңа жұмыстың көзін табады. Осылайша бүгінгі уақытта ол шұжық жасаумен айналысып, өз тұтынушыларының көңілін шығып отыр. 

Кез келген дүниені бастау үшін белгілі бір себеп болады екен. Бірде дүкеннен сатып алған колбасаның ішінен шыққан нәрсені көріп, оның таза еместігіне күмән туды. Осылайша отбасымызбен үзілді кесілді шұжық тұтынудан бас тарттық. Бірақ қазір барлығы дамыған уақыт қой. Іnstagram желісінде отырып, шұжық, ет, сүт өнімдерін табиғи жолмен жасайтын әдісті көзім шалып қалды. Осылайша Ақтөбе қаласынан соны үйреніп қайттым. Десе де мұны кәсіп көзіне айналдырам деген ой мүлде болмады. Бірақ үй жағдайында өзім дайындап, тұтынып жүрдік. Одан дәм татқан туыстар, жақындар, достар оң бағасын беріп, "Керемет дүние жасапсың. Неге осыны кәсіпке айналдырмайсың. Қолдан келетін жұмысты жақсы кәсіп етуге болады ғой" деген пікірлерін білдірді. Осылайша қызығушылығым артып, талап қылдым. Оның үстіне мемлекеттің кәсіпкерлерге жасап жатқан жағдайы, қолдауы да ерекше емес пе?! Кәсіпкерлер палатасы арқылы "Бастау Бизнес" жобасы арқылы оқып, арнайы сертификат алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Соның нәтижесінде өз жұмысымды ары қарай дөңгелетіп алып кетуге зор мүмкіндік туды, – дейді Шарбану Тәуекелқызы.

Иә, бүгінде тыс кәсіптің көзін тауып, соны дамыту жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген Шарбану өз тұтынушыларының да қарасы көбейіп келе жатқанын айтты. Жылқы мен сиыр етінен жасалатын шұжықтың құрамы да табиғи тазалығымен ерекшеленеді. Тұз бен бұрыштың қоспасынан әзірленетін өнімнің сұранысқа енуінің өзі сол табиғи тазалығынан екені сөзсіз.

Алдағы уақытта өз өнімін нарықтық ауқымын кеңейтуді ойлаған кәсіпкер шұжықтардың барынша тез арада қолданылғанын қамтамасыз етуді қалайды. Себебі арнайы химиялық құрамның болмауына байланысты, ұзақ уақыт сақтауға қолайсыздығын да жасырмады.
Тағы айта кететін жағдай Шарбану Мамытова бұл бағыттағы жұмыстармен тоқтап қалуды көздемейді. Алдағы уақытта орталықтан ет, сүт, қойдың құйрығынан жасалатын өзге де өнімдерді әзірлейтін арнайы цех ашуды көздейді.

Иә, қазірде кәсіпкердің өзі айтқандай мемлекет тарапынан қолдау өте жоғары. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бренд қалыптастырып жатса, ауданнан тек балық пен тұздан да өзге өнімнің шығатынын жаһан жұртшылығы да жақсы танып, білер еді дейміз.

Тағы да оқыңыз: