Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал қаласындағы «Эврика» сауда үйі алаңында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Молшылық мерекесіне ауданға қарасты ауылдық округтерден жергілікті шаруалар өз тауарларын әкелді.
Теңізді өлке тұрғындарының игілігіне бағытталған шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов арнайы қатысып, жәрмеңкеде ұсынылған өнімдердің бағасын бақылап өтті.
Айта кетейік, жәрмеңкеге 5 тонна мұздатылған балық, 1,5 тонна ас тұзы, 2,5 тонна ет өнімдері, 110 кг құрт пен ірімшік және 180 литр шұбат өнімдері, 40 бас қой, 110 пар ысталған балық, 80 данадан астам үйрек пен қаз еттері әкелінсе, 2 жүк көлігі бақша өнімдері және15 тоннадан астам көкөніс аудан орталығы тұрғындарына төмен бағада сатылды.
«Қазір базардағы барлық зат қымбат. Азық-түліктің арзан болғанын қалайсың. Осындайда аудандағы жиі ұйымдастырылып тұратын жәрмеңкеге келеміз. Базар бағасынан әлдеқайда арзан. Әрина жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. Бағасынан бөлек ауылдың ет, балық, сүт өнімдерінінен жасалған таза өнімі келеді. Ұйымдастырушыларға халық үніне құлақ асып, елдің жағдайына қарай жұмыс жасағандарына алғыс білдіреміз», - дейді қала тұрғыны Жадыра Еңсепова.
Бұл жәрмеңкеге 20-дан астам жүк көліктерімен ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіліп, сатылымға шығарылған өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға арзандатылып, жергілікті халыққа ұсынылды.


