Kyzylorda-news.kz Ұлы Жібек жолының бойында қарқынды жүргізіліп жатқан жобалардың бірі – «Алаш Метан» ЖШС-нің метан газ құю бекеті. 

Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлы жұмыс сапары барысында мердігер мекеменің өкілдерімен нысан басында кездесіп, жұмыс барысымен танысты.

Қазіргі уақытта метан газ құю қондырғылары орнатылып, қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 600 млн теңге. Іске қосылған кезде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бекет тәулігіне 200 автокөлікке қызмет көрсетуге қауқарлы және осы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Айта кетейік, мұнан бөлек «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу» жобасының бірінші кезеңі сәтті іске қосылып, бүгінде жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуде.

«Эко Энерджи Плюс» ЖШС жүзеге асырып жатқан көпфункционалды кешен тек газ құю қызметімен шектелмей, жүргізушілер мен жолаушыларға кешенді қызмет көрсетуді көздейді. Мұнда демалыс орындары, тамақтану нүктелері және техникалық қызмет көрсету аймақтары қарастырылған. Бұл өз кезегінде жол бойындағы мәдениетті сервистің дамуына серпін береді.

Жалпы, аудан аумағында қолға алынған мұндай ірі жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, көлік-логистика саласының дамуына жаңа серпін бермек. Алдағы уақытта да инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.

Арал газ құю бекеті 2.jpg

Тағы да оқыңыз: