Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал қаласында жаңа «Құран жаттау орталығы» ел игілігіне берілді.

Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, мұсылман жамағатын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Бүгін, қасиетті жұма күні Арал ауданының орталық мешіті жанындағы Құран жаттау орталығы ел игілігіне беріліп отыр. Осы орталықтан имандылыққа ұйыған жастар ертең-ақ халыққа қызмет етіп, дініміз бен дәстүріміздің кеңінен дәріптелуіне үлес қосады деген сенімдемін. Құран жаттаған, оны көңілге тоқыған жас буын өкілі жақсылық жасауға асық болады. Осы орталық шәкірттерді үлкенді құрметтеуге, дәстүрді қадірлеуге, ізгілікке баулитын болады. Құтханамыз құтты болсын, ағайын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Құран жаттау орталығының ашылуына қатысқан аудан әкімі

«Орталық мешіттің жанынан діни білім ордасының бой көтеруі – ауданымыз үшін қуанышты жаңалық. Ел мен жерге қызмет етіп, соңына өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың барлығы сауатын медреседен ашқан. Осы оқу ордасынан ұлтқа қызмет ететін иманды, рухани бай, елжанды азаматтар тәрбиеленіп шығатынына сенімім мол. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!»- деді Серік Сермағамбетов.

Мұнан соң аудан ардагері Садықбаев Әбілбай сөз алып, игі тілегін білдірді.

Атап өтейік, орталықта бір мезетте 70 шәкірт білім алады. Олар діни сауат ашумен қатар мектеп бағдарламасын оқиды. Ғимаратта дәрісхана мен жатақхана қарастырылған. Орталықтың жалпы аумағы – 400 шаршы метр. Ашылу салтанатынан соң орталық ішін аралаған Бас мүфти шәкірттерге қасиетті Құран кітабын сыйға тарту етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы ауданға жасаған сапары барысында Арал қалалық мешітінің іргетасын қалады.

Бас мүфти: «Іргетасы қаланған жаңа мешіт осы өңірдің рухани дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін. Құлшылық ордасы дініміздің ғана емес, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың кеңінен дәріптелуіне ықпал етеді. Алла Тағала халқымызға, еліміз бен жерімізге берекесі мен жақсылығын жаудырғай» деп дұға етті.

Қасиетті жұмада іргетасы қаланған мешітте бір мезетте 1000 адам мұсылмандық парызын өтей алады.

Тағы да оқыңыз: