Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп тауарлары мен оқу құралдарының жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралдарын бір жерден алуын ұйымдастыру, халыққа қажетті заттарды төмен бағамен ұсыну болатын.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов аталған жәрмеңкеге барып, оқу құралдарының сатылымын бақылап өтті.
Жаңа оқу жылының қарсаңында қаламсап пен дәптерден бастап, мектеп формасы, аяқ киім мен сөмкеге дейін барлық мектеп құралдары тұрғындарға ұсынылды. Сөреге қойылған тауарлар бағасы нарықтағыдан төмендетіліп сатылды.
“Оқу жылы таяғанда өткізіліп отырған жәрмеңке, аудан және ауыл тұрғындары үшін жасалған тгі іс. Қазіргі күні әр отбасыда мектепке баратын бала бар. Базар бағасы шарықтап кеткен тұста, бүл жәрмеңке бізге көп көмегін тигізеді. Әр үнемделген ақшаға баланың өзге керегіне жұмсай аламыз. Оқу құралдары мен мектеп формасына арналған жәрмеңке оқу басталғанша үнемі өткізіліп тұрса деген ұсынысымыз бар”, – деді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, биылғы жылы Қызылорда облысында Міндетті оқу қоры есебінен көмекке мұқтаж отбасы ретінде 31 322 бала есепке алынған. Аталған қор есебінен бір реттік қаржылай көмекпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. 171,4 млн. теңге бөлініп отыр. Аз қамтылған отбасынан шыққан барлық 31 322 балаға 37 389 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетін болады.


