Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында аудан халқын егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары толықтай қолға алынып жатыр. Өңірде былтыр 166,7 гектар жерге егін егілсе, алдағы үш жылдықта бұл көрсеткішті бекітілген Жол картасына сәйкес 3000 гектарға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл туралы аудан әкімі Серік Сермағамбетов мәлімдеді.

Осы кезге дейін аудан бойынша барлығы 535,2 гектар жерді егіске дайындау жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 11,7 гектар жерге картоп, 169 гектарға бақша, 54 гектарға көкөніс және 221,5 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары, 73 гектарға ескі жоңышқа егіліп, суару жұмыстары жүргізілді. Барлығы 529,2 гектар жерге түрлі егістік дақылдары орналастырылды. Алдағы күз айында 250 гектардың үстінде жаңа күзгі жоңышқа егу жоспарланған.

«Бүгінде егістік жерлерді суландыру мақсатында облыстан 10 дана дөңгелекті дизелді су насостары алу үшін тапсырыс беріліп, нәтижесі күтілуде. Мұнымен қоса, суды тиімді пайдалану мақсатында түрлі әдістер пайдаланылуда. Оның ішінде Ақирек ауылдық округінде «Асхат», «Нұр-Дана» шаруа қожалықтары «подпленка» әдісімен 7 гектар жерге бақша өнімдерін ексе, Атанши ауылдық округінде жеке кәсіпкер (Елтай Төремұратов) 14 гектар жерге елді мекенде орналасқан су ұңғымасын пайдаланып, суды үнемдеу мақсатында тамшылап суару әдісімен бақша, көкөніс дақылдарын егіп, өнімдерін алуда. Сондай-ақ, Аманөткел ауылдық округінде «Camel Pro» (Кэймел Про) шаруа қожалығы 80 гектардан астам жерге жаңбырлатып суаратын қондырғы арқылы жаңа жоңышқа тұқымын себуді қолға алдық», – деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.

Аудан басшысының айтуынша биылғы жылы әрбір ауданда егін егуді қолға алу, ауданды ішкі өніммен қамтамасыз ету бойынша берілген облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 70 гектар жерге егін отырғызу межесі жүктелген. Осыған сәйкес әрбір елді мекеннің мүмкіншіліктеріне орай 2-10 гектар аралығында картоп, бау-бақша өсіру шаралары жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстар қорытындысымен 100,2 гектар жерге егін егіліп, 142 пайызға орындалып отыр.

«Жалпы аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз етудің есебі жасалған. Соған сәйкес өз-өзімізді ішкі өніммен қамтамасыз етудің тетіктері іске асырыла бастады. Биылғы жылы егіс көлемі жылдағыдан 3 еседен артық егілді. Соның нәтижесінде ауданда бірінші кезекте қажетті картоп өнімімен 1,7 пайызға, көкөніс 9,2 пайызға және биылғы жылы бақша өнімдерінен 2125 тонна өнім алу жоспарлануда», – дейді Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов.

Тағы да оқыңыз: