Kyzylorda-news.kz. Бүгін Арал ауданының орталығында 1 қазан – Қарттар күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік кешке әр салада еселі қызмет еткен еңбек ардагерлері, тыл ардагерлері мен зейнеткерлер қатысты.

Жиында алдымен сөз алған аудан әкімі Серік Сермағамбетов ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтады.

«Қария — ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, бізде өздеріңізді сондай деп білеміз. Бүгінде ата-әжелеріміз әр шаңырақта немере-шөбелеріне өзінің ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп отыр. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман болсын. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ-ғұмыр, әулеттеріңізге амандық, ырыс-несібе тілеймін!»,-деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.

Әр әулеттің саялы бәйтерегіне айналған, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық мүдде жолында елеулі еңбек еткен ардагер ақсақалдар мен ақжаулықты аналар бұл жиында аудан әкімінің құттықтау хатымен марапатталды.

Шара одан әрі қарттар күніне арналған ұлттық би мен дәстүрлі әндер легімен жалғасты.

Мұнан соң аудан әкімі Серік Сағитжанұлы Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетовты арнайы құттықтады. Абыз ақсақалды төл мерекесіне орай алғыс хатпен марапаттап, ізгі лебізін білдірді.

Тағы да оқыңыз: