Kyzylorda-news.kz Арал ауданы тұрғындарына мәлім, бұл 10 жылға жуық күрделеніп келген мәселе болды. Оған да бүгін нүкте қойылғандай.
Барлығымызғы белгілі Арал ауданы Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау елді мекеніндегі білім ұясының көнеруі осындағы шағын жұртты жайсыздандырған еді. Көптен бері мәселе болып келгені рас. Оған дәлел - бүгін ғана жаңа мектептің іргетасының қалануы.
Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев 60 орындық білім ордасының кірпіш қалау рәсіміне арнайы барып, ақшатаулықтардың қуанышына ортақтасты. Өз лебізін білдірді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президентіміздің және Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың нәтижесінде аймағымызда тың жобалар жүзеге асуда. Бүгін, міне, жарасымды істің жалғасы ретінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей қолдауымен Ақшатауда жаңа оқу орнының іргетасы қалануда. Бұл нысан ауылдағы барша жеткіншектердің сапалы білім алуына толықтай мүмкіндік береді, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Құрылыс басында ел азаматтарымен бірге ауыл ардагері Ш. Жұбатханов бата берді.
Айта кетейік, ел Президентінің 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектеп құрылысын салу жоспарланған. Оның 4-еуі «Жайлы мектеп» бағдарламасымен жүзеге асуда. Аталған жобада Арал қаласы және Сексеуіл кентінен салынып жатқан білім ұялары биылғы оқу жылында ел игілігіне табысталады. Ал келесі оқу жылында тағы 2 мектепті жаңа №5 мөлтек ауданында және Жақсықылыш кентінде пайдаланылуға беру жоспарланған.