Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікке қолдау білдіру керектігін биылғы Жолдауында да нақтылай түсті. Одан бөлек, Үкіметтің кеңейтілген отырысы мен өзекті мәселелер сөз болған алқалы жиындарда кәсіпкерлерге оңды-солды жасалатын заңсыз тексерулердің әлі де алдын алу керек екендігін айтқан Мемлекет басшысы, бұл салаға қолдаудың әлі де қажеттігін алға тартқанын жақсы білеміз. Соңғы жылдары кәсіпкерлікке жасалған қамқорлықтың нәтижесі уақыт өте сезіліп келеді.
Мемлекет басшысының аудандағы, ауылдағы өкілі ретінде халықпен етене жұмыс жасап келе жатқан әкімдер кәсіпкерлікті ашуға немесе одан әрі дамытуға ниетті жеке тұлғаларға бағыт-бағдар сілтеуде аянып қалмақ емес. Айталық соңғы жылдары ел жастарының екпінді жобаларымен, табысты бастамаларын қолдау мақстаында арнайы гранттық жобалар белгіленген. Қазіргі таңда осы мақсатта өздерінің кәсібін бастандырып, кәсіппен айналысып жатқан жандар жоқ емес. Биылғы жылдың 2 кезеңінің өзінде гранттық қолдауға үміткерлердің жалпы саны 300 ден асып кеткен. Алайда солардың ішінде 35 кәсіпкердің түрлі жобалары мақұлданып, арнайы грант белгіленген. Қазіргі таңда олардың өзі күткен қаржыларына қол жеткізіп, алды жұмыстарын бастап та кеткен.
Жалпы осы саладағы басты мақсат кәсіпкерлікті дамыту болғандықтан түрлі бағыттағы жұмытсардың жетістігін жіпке тізуге болар еді. Алайда біз қыр мен сырдың арасындағы соны серпінді сөз етсек. Қырдағы Қарақұм ауылдық округінде «Ақтан» шаруа қожалығы бар. Сол қожалық кезінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7,0 млн. ақшалай несиеге қол жеткізіп, сол қаржыға 42 бас аналық сиыр мен асыл тұқымды 2 бас бұқа сатып алған. Бүгінде жайылымы малға толған осынау қожалық иесі Ж.Жиентаев мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен ауыл шаруашылығы саласына жасалған бетбұрыстарды оң бағалайды. Және оның алдағы уақыттарда да жалғасын таба бергенін қалайды. Бұл бағдарламалардың аудан көлеміндегі көрсеткіші жаман емес. Сондықтан, осының баршасын ауылшаруашылығы саласына жасалған қамқорлықтың нәтижесі екенін анық аңғаруға болады.
Тоған шаруашылығы бойынша Ш.Алматбаев есімді кәсіпкер бүгінде қырға балық өсіріп, тыңнан түрен салды. Ол өткен жылы белгіленген гранттық қолдауға өз жобасын ұсынып, нәтижесінде тауарлы тоған шаруашылығы қолдау тапты. Бүгінде ол ауыл маңындағы көл суына ақамур, дөңмаңдай және кәріп тұқымдас балық шабақтарын салып салып, қырдағы берекелі кәсіпті қолға алып келеді. Тоғанның жалпы көлемі 10 мың шаршы метр. Алла сәтін салса кәсіпкер бұл бағыттағы жұмыстарын еселей түспек ниетте. Ол үшін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін одан әрі жандандыруды көздейді.
Кәсібін жандандырып, елдің ырысын еселеуде елеулі еңбек етіп жүрген жандардың қатарында ақбайлық кәсіпкерлер де бар. Айталық ауылда өткен жылы бірнеше кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары мемлекеттен беріліп жатқан қаржылай несиелерге ие болған. Олардың қатарында «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екінші рет несие алған «Тағыберген» шаруа қожалығы және алғаш рет несиеге қол жеткізіп, бүгінде мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жұмыс жасап жатқан «Сәуле» шаруа қожалығы бар. Бүгінде екі қожалық та мал басы санына сәйкес қайтарымсыз субсидияға қол жеткізген. Бұдан бөлек түрлі бағдарлама бойынша несие алып, мал бордақылау мақсатындағы жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан кәсіпкерлер де бар. Міне, осы сынды шаруалар аудан көлемінде жүйелі түрде қолға алынып келеді. Бүгінде, ауыл шаруашылығы бағытындағы бағдарламаларға қатысып, қарауындағы малдың санын арттырып, өнімін еселегісі келетін қожалықтарға мүмкіндік әлі де бар. Себебі, бұл тікелей Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жұмыстар. Сондықтан, ол бағдарламалар бойынша жұмыс жасауға ниетті азаматтарды аудан әкімі немесе ауыл әкімі бақылауға алып, көмектесуге мүдделі.