Kyzylorda-news.kz Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жариялады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттер аясында ауданда экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүзеге асуда.
- Жыл басынан бері аудан экономикасының барлық негізгі көрсеткіштері оң өсім көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 2,4 есеге ұлғайды. Сонымен бірге барлық салық және өзге де түсімдер бойынша жоспар 117,5 пайызға орындалды. Өнеркәсіп саласында өндірістің нақты көлем индексі 105,7 пайыз болды. Биыл жалпы үш инвестициялық жобаны іске асыру қолға алынды. Оның ішінде өткен аптада түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт пен жоғары сұрыпты ас тұзын шығаратын өндіріс орны пайдалануға берілді. Сонымен қатар көпфункционалды жол бойындағы сервистік кешеннің құрылысы жалғасып жатыр" - деді Аманжол Сақыпұлы.
Ауданда ауыл шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Мал басы барлық түлік бойынша өткен жылмен салыстырғанда артқан. Аралдың дәстүрлі саласы саналатын балық шаруашылығында 10 өңдеу зауыты жұмыс істеп, жарты жылдың ішінде 3621 тонна өнім өңделді. Оның 1728 тоннасы шетел нарығына экспортталды. Сонымен қатар қолдан балық өсірумен айналысатын 16 шаруашылық жұмысын кеңейтуде.
Баспасөз конференциясында аудан әкімі инвестициялық белсенділіктің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретінін атап өтті.
- Біздің басты мақсатымыз аудан экономикасын әртараптандырып, өндірісті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Жыл соңына дейін тағы бірнеше инвестициялық жобаны іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар ауданның экономикалық әлеуетін одан әрі күшейтеді, - деді Арал ауданының әкімі.
