Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында егін шаруашылығы дамып келе жатқаны анық. Соны ішінде егінді кәсіп етіп берекетін көріп отырған жандар да жоқ емес. Жалпы жол картасының екінші бағыты егін шаруашылығын дамыту болса, өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы аудандағы егіс көлемі 2 есеге ұлғайып, 1500 гектар жерге егіс орналастыру жоспарланған екен.
Сонымен бірге суды үнемдеу, тиімді пайдалану мақсатында ауданның шаруа қожалықтары подпленка, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдануда. 76 гектар жерге түрлі егіс дақылдарын егуге ынталы 120-дан астам аудан тұрғындары анықталып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қазақ айтпақшы «шілденің қауын пісірер» ыстығы да жетті. Осы орайда ауыл тұрғындары аптап ыстыққа қарамай бау-бақша жұмыстарымен айналысып, адал еңбекпен қаражат табуды бастап кетті. Ел экономикасын дамыту мақсатында өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі – Қуаныш Есентаев есімді кәсіпкер болады. Ол Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Үкілісай елді мекені тұрғындарын түрлі көкөністермен қамтамасыз етіп келеді.
Қуаныш Есентаев 2-3 гектар жерге қауын, қарбыз т.б дәнді дақылдар егіп, кәсібін дамыту үстінде. Сонымен бірге кәсіпкер Қуаныш №265 Үкілісай негізгі мектебіндегі ұстаздық жұмысымен қатар осы жылы бау-бақша жұмыстарымен айналысуды қолға алған азамат несібесін көріп жүр.
Биыл 2022 жылдан бастап Бекбауыл және Үкілісай ауылында 10-ға жуық тұрғын егіншілікпен қарқынды түрде айналысып, ауылды жандандыруда. Сонымен қатар ауыл тұрғындары аудан әкімдігінің бау-бақша жұмыстарына арнап берген су айдау насосымен және жеке тұрғындар өзінің насос құралдарымен бау-бақша өндіруді қолға алған. Дәнді дақыл егу жұмыстары Бекбауыл ауылдық округінде жыл сайын өз жалғасын тауып, дами берері сөзсіз.