Kyzylorda-news.kz.  Ел болашағының жарқын болуы әрбір отбасының шаңырағын шынайы қуаныш пен жылулыққа, махаббат пен мейірімге толтыратын өскелең ұрпақтың қолында. Осы себепті де балалардың құқығын қорғап, өмірлерін сақтандырып, оларға бақытты ғұмыр сыйлау арқылы ертеңгі күнге жетелеу – әр отбасы мен мемлекетіміздің жауапкершілігінде. Сондықтан жыл сайын балғын бүлдіршіндер үшін мерекеленіп отыратын ең атаулы қуанышты мейрамның бірі – 1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күні.

Осы мереке биыл да аудан көлемінде кеңінен аталып өтті. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балықшылар» аллеясында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, балаларды құттықтады.

Алаңда бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін «Біз – бақытты баламыз!» бағдарламасы мен арнайы фотозона жасақталған.
Алдымен аудан басшысы балғын балапандардың қуанышына арналған шараларды көріп, спорт алаңында өткен ұлттық ойындарын тамашалады. Одан соң, мектеп оқушылары арасында өткізілген суретшілер байқауының қатысушыларымен кездесіп, жас өрендердің арман-қиялдарынан туындаған шығармашылық жұмыстарын тамашалады. Салтанатты шарада сөз алған Серік Сағитжанұлы: 

«Қымбатты балалар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз сіздердің тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасауға барынша еңбек ететін боламыз. Бар жақсылықты балаларға арнауды мақсат тұтқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған әрбір Жолдауында балғын балаларымыздың болашағына аса мән беріп, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы жолында оларға көрсетілетін қолдаулар мен көмектерді арттыруды міндет етті. Мемлекет басшысы өткен жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Атаулы жыл ішінде аралдық балалардың игілігіне арнап ауданымызда 5 жеке балабақша, 6 спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар балғын бүлдіршіндеріміз үшін 2 ойын-сауық балалар орталығы ашылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, жеке инвесторлар есебінен 4 заманауи үлгідегі балабақшаның құрылысы басталды. Президентіміздің тікелей қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде алдағы 2023-2025 жылдары біздің өңірде жаңа талаптағы 10 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биылғы жылы 2 білім ұясының құрылыс жұмыстары басталса, оның 1-еуі аудан орталығынан салынбақ. Ал келер жылы дәл сондай 2 оқу ордасы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде бой көтереді. Біз үшін бұл өмірде сіздердің балғын жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыласымен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ», – деп ізгі лебізін білдірді.

Кең көлемде ұйымдастырылған мерекелік шарада аудандық оқушылар үйінің талантты балалары ән мен жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Жас бүлдіршіндерден құралған би топтарының бұрала билеген билері мен балабақшаның бал тілді балапандарының риясыз көңілден шыққан өнерлері көпшілікті ерекше қуанышқа бөледі.

Бұдан бөлек, алаңда «Балалардың игілігі үшін» атты республикалық акциясы аясында балапандарға тәтті балмұздақтар үлестірілді. Балалар арасында ұлттық спорт түрлері – асық ату, қол күрес пен арқан тартыс, батпырауықтар ұшыру, жебе ату сынды ойындардан сайыс өткізіліп, жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушыларға марапаттар табысталды. 

Мереке қарсаңында балаларға аудандық мәдениет үйінде көркем фильм көрсетілімі мен «Балықшылар», «Тарихи-өлкетану» мұражайларына және «Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне» тегін кіру қарастырылған.

Балақайларға ерекше көңіл күй сыйлаған тағы бір шара аудандық мәдениет үйінде шымылдығын түрді. Шаттыққа толы шырайлы мерекенің иісі сезіліп, мәдениет үйіне қарай ағылған адамның қарасы үзілмей, теңізге құйған дарияның арнасындай қосылып жатты. Әр перзентінің бақыты үшін барын беріп, солардың жетістігіне қуана білген ата-аналардан бөлек өз қатарластарының өнерін тамашалап, оларға қолдау білдіремін деген кішкентай балалардың көптігі мерекенің сәнін келтіріп, бейнесін айшықтай түскендей көрінді. Бірі құшағына қуыршақ қыса құшақтап, енді бірі гүл ала жүгірген балақайларды көрген мұндағы барлық адам өздерінің бала күніне сапар шегіп келгендей әсер алды.

Бұл сахнадан тыс орын алған кереметтер еді. Ал сахна төріндегі аудандық "Әнші балапан" байқауы оларға тіпті өзгеше шырай алып келді. Өнерлі балалардың көркем биімен басталған байқауда алғашқы болып би номинациясы бойынша қаладағы балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды. Барлығы бірдей киіммен шығып, мың бұралған қимылымен, өздеріне ғана жарасымды тәтті қылықтарымен көрермендерге түрлі қызық сыйлады. Олардың бұл әрекеттерінен уайымсыз шақ пен нағыз достық пейілді, алаңсыз балғын балалықты анық аңғардық. Бәсекеге түскен жандардай емес, өздерінің жан рахаттары үшін осындай сахнада өнер көрсеткендері көпшіліктің көңілін көтеріп тастады.

Одан әрі тәтті тілдері балдан тәтті балақайлар мәдениет үйі сахнасын әсем әнге бөледі. Жанды дауыста жүрек үнін жұртшылыққа жеткізе білген бүлдіршіндерге қандай құрмет қылса да жарасып-ақ тұрғандай еді. Үлкен сахнаның төрінде еркін сезініп, өнерге өздерінің де таласы барын таныта алған қала балабақшаларының бүлдіршіндері мерекенің сәнін тіпті аша түсті.

Бірақ жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те бар. Байқау шымылдығын түрген бишілер бәсекесінде «Балбөбек», «Алтын балық», «Балдырған», «Айгөлек» балабақшаларының тәрбиеленушілері ІІІ орын алса, ІІ орын «Мереке», «Сартай», «Нұргүлім» балабақшаларының еншісінде кетті. «Нұр -Ай» балапандары І орынмен марапатталса, бас жүлде  «Қарлығаш» балабақшасының бүлдіршіндеріне табысталды. Ал ән байқауында "Толқын" балабақшасының қатысушысы Еркесұлу Жанұзақ, "Аялан" тәрбиеленушісі Бірханым Русланқызы, "Жазира" бүлдіршіні Раяна Төлегенқызы мен "Құлыншақтың" құлыншақтары Мансур Алпамыс пен Кәусар Бекжанқызы жүлделі ІІІ орынды иеленді. ІІорын "Шағаланың" өнерпазы Айнамкөз Арапханова, "Балдырғанның" әншісі Арсен Ерланұлы, "Мерекенің" тілі тәтті балақайы Інжу Сатыбалдыға бұйырса, "Қарлығаш" балабақшасының бүлдіршіні Айару Жаңаберген  І орынды жеңді. Байқау жеңімпазы Асылай Мақсұт бас жүлдені «Алтынбалық» балабақшасына ала кетті. 

Сонымен қатар "Әнші балапанның" барлық қатысушыларына ойыншық таратылып, көңілдерін қуаныш кернеді.

Мерекеге қатысты тағы бір тартымды шара аудандық өнер мектебінде жалғасын тапты. Көңілді балақайлардың өнер ордасына айналған мекемеде өнерпаз жастар балалар күнін жоғары деңгейде атап өтті. "Балалар дауысы" атты концерттік бағдарламада әсем ән мен көңілді би орындалып, термеден шашу шашылды. Ансамбльдің өнері де тамашаланып, балалардың жүзі бақыттан бал-бұл жанды.

Ел болашақтарының мерейін өсірген мереке тәулік бойы жалғасты. Балықшылар аллеясынан бастау алған жоғарыдағы түрлі деңгейдегі шаралар аудандық мәдениет орталығы жанындағы демалыс паркінде қорытындыланды.

Күннің аптабына қарамай өздеріне арналған мерекелік қуанышты сезіне білген бүлдіршіндер аудан орталығындағы демалыс саябағында да көп болды. Мұнда өткен «Бала – біздің болашағымыз» атты аудандық фестивальді тамашалады. Ашық аспан астында өткен фестивальде аудан өнерпаздары ұлттық жырдан шашу шашып, жас бүлдіршіндер мың бұрала билеп, өнерлерін жиналған жұртшылыққа паш етті.
Осылайша балалардың бүгінгі төл мерекесі көңілді концертпен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: