Kyzylorda-news.kz. Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі жаңа мерекелермен толығып, Үкімет басшысының қаулысымен маусым айының үшінші жексенбі «Әкелер күні» мерекесі болып бекітілген болатын.
Мереке қарсаңында айдынды Арал өлкесінде «Әке – отбасының тірегі» отбасылық спорттық іс-шарасы өткен болатын.
Мерекелік іс-шараның негізгі мақсаты – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, сонымен бірге үлгілі ата-ана болу идеясын айту, бала тәрбиесіндегі әкелер рөлінің маңыздылығын арттыру болды.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, асқар таудай әкелерді бүгінгі алғашқы мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
–Әке - отбасының асыраушысы, басты тірегі, қамқоршысы. Бұл күн - асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын ұлағатты мерекеге айналады деп сенеміз,–деді Кете-Төлеби Досымжанұлы.
Аталған шараға әкелі-балалы 10 отбасы қатысып, сайыс қорытындысымен жүлделі орындар мен арнайы дипломдар табысталды. Сондай-ақ, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
–«Әке – асқар тау» демекші, отбасының тіреніші, қорғанышы осы әкелеріміз екені белгілі. Ол кісілердің отбасымызда алар орны ерекше. Сондай-ақ балаларға беретін әке тәрбиесі де бөлек. Ана балаға мейірім берсе, әке балаға қаталдық пен батылдықты үйретеді. Бүгінгі айтулы мереке қарсаңында аудан көлемінде спорттық іс-шара ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Жоғары деңгейде өткен шара тартысты да, көңілді болды. Осы тұста барша әкелер қауымын мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін,–деді қала тұрғыны А.Өтемұратова.
Әкелер күні биыл елімізде алғаш рет ұлттық мереке ретінде аталып өтіп жатыр.