Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов өңірдің қыр беткейінде орналасқан Қарақұм және Атанши ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болды.
Аудан басшысы Абай ауылының халқымен кездесу барысында жыл басынан бері аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды айтып, нәтижелі жетістіктерге жеке-жеке тоқталып өтті. Сонымен бірге, өз сөзінде «Биылғы жылы өңірдегі түйткілді мәселелер ретімен шешімін тауып, 7 макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім орын алды. Көлік инфрақұрылымын дамыту саласының өзіне бюджеттен 7 млрд.-тан астам қаражат қаралып, аудандық маңызы бар автожолдар бойынша 31 жоба іске асырылуда. Одан бөлек, жыл басынан құрылыс саласында 4,2 млрд теңгенің жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, аудан орталығында «Қуатты өңірлер ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының аясында республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 100 пәтер сатып алуға қаржы бөлініп, бүгінде сол 100 пәтерлі 50 үйдің құрылысы өз деңгейінде жүріп жатыр», - деп, аудан әкімі алдағы уақытта жүзеге асыралатын жобалармен де бөлісті.
Кездесуден соң, аудан әкімі ауылдағы № 59 орта мектебінің жылыту маусымына дайындығын көріп, қысқы мерзімге отын қорының жеткілікті түрде болуын қадағалауды тапсырды.
Жұмыс сапары одан әрі Жіңішкеқұм елдімекенінде жалғасты. Алдымен Серік Сағитжанұлы жаңадан сайланған әкімді елдімекен тұрғындарына таныстырып, қызмет жолына сәттілік тіледі.
Атап өтейік, үстіміздегі жылдың 17 қыркүйек күні Атанши ауылдық округінің әкімінің сайлауы өткізіліп, халық қалауы ретінде Ізбасаров Еркін Есентүгелұлы әкім қызметіне тағайындалған болатын.
Еркін Есентүгелұлы 1979 жылы Жіңішкеқұм елді мекенінде дүниеге келген. 2005 жылы Қапланбек гуманитарлық агроэкономикалық колледжін бітіріп, 2012 жылы Жіңішкеқұм ауылдық клубының сүйемелдеушісі қызметінен алғашқы еңбек жолы басталған. Кейіннен, 2015 жылы ауылда жеке шаруа қожалық ашып, бүгінге дейін қожалықтың төрағасы қызметін атқарған.
Аудан әкімі Жіңішкеқұм елдімекенінің тұрғындарымен кездесуден кейін, № 230 орта мектебінде болып, білім нысанының қысқы кезеңдегі жылыту жұмыстарына дайындық шараларын бағамдап өтті.