Шырша шамын жағу – жаңа жылдық мерекеге деген дайындықтың белгісі. Осындай қызықты да, көңілді мерекені қарсы алу рәсімі ауданымызда дәстүрге айналып,  аралдықтар орталық алаңда бас қосып, қиял әлемінің кейіпкерлерімен бірге ауданның бас шыршасын жағу рәсіміне куә болды.

Мерекелік шарада Аяз ата мен ақшақар мерекелік лебіздерін жеткізіп, ауданымыздың басты жетістіктерін тілге тиек етсе, ертегілер әлемінің әртүрлі кейіпкерлері ән шырқап, би биледі.

Аудан орталығындағы алаңда салтанатты түрде шырша шамдарын жағу мерекесіне аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қатысып, жиналған жұртшылықты келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

– Ардақты ағайын, баршаңызды келе жатқан Жаңа 2026 жылмен құттықтаймын! Қазақ жылнамасында келер жыл Жылқы жылымен сәйкес келеді. Жылқы жылы Шығыс күнтізбесінде өте қуатты, серпінді әрі жаңа өзгерістерге толы жыл ретінде сипатталады. Сол келер жаңа жылдан біздің де күтер үмітіміз көп. Бастысы еліміз аман, ауданымыз қарыштап дами бергей. Ауданымыз үшін өтіп бара жатқан Жылан жылы жақсы жаңалықтармен, маңызды мерейтойлармен ерекшеленді. Жаңа жыл – жаңа бастамалардың, жаңа мақсаттардың бастау алатын, ертеңгі күнге үлкен үміт пен сеніммен қадам басатын уақыт. Әрбіріміздің болашаққа бағдар құратын және үлкен міндеттерді орындауға иек артатын кезең. Табалдырығымыздан аттағалы тұрған Жаңа жыл толағай табысы мен ырзық несібесін сыйлап, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін, – дей келе жиналған қауымға ақжарма тілегін жолдады.

Мұнан соң, аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы оқу үздіктері, облыстық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары Жанарыс Көлдеев пен Іңкәр Нұрболқызымен бірге бас шыршаның шамын жақты.

Мерекелік шарада бас қосқан қала тұрғындары мен қонақтары аудан өнерпаздардың өнерін тамашалап, көтеріңкі көңіл күйде тарасты.

Фото: Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: