Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, орын алған кадрлық өзгерістер жөнінде айтылды.

Бұған дейін аудандық сот төрағасы қызметін абыройлы атқарып, ел сенімінен шығып келген Камшат Әшімқызы Садуақасова басқа лауазымға тағайындалып, Президент Жарлығымен аудандық сот төрағасы қызметіне Руслан Темірханұлы Алдамбергенов тағайындалды.

Жаңадан тағайындалған аудандық сот төрағасын Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Бекжанов таныстырып, ұзақ жыл ел сеніміне лайық болып, өз міндетін адал әрі абыройлы атқарған Кәмшат Әшімқызына ерекше ризашылығын білдірді.

«Камшат Әшімқызын өздеріңіз жақсы білесіздер. Аудандағы қызметін 2019 жылы бастап, абыроймен атқарып келді. Заң мен тәртіп қағидатын негізгі басшылыққа алған Камшат Әшімқызы осы кезге дейін көптеген мәселелерге аса сергек қарап, сот шешімінде әділдік орната білді деп есептеймін. Сонымен қатар аудандағы сот жүйесінің дамуына, ашықтығы мен әділдігіне айрықша үлес қосып, өзінің кәсіби біліктілігін көрсете білді», деген аудан әкімі ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасын» табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Сөз кезегін алған К.Сәдуақасова қызмет атқарған жылдар ішінде көптеген мәселеде бірге жұмыс істеген барша аралдыққа айрықша алғысын жеткізіп, ыстық ықыласын білдірді.

Арал аудандық сотының төрағасы қызметіне жаңадан тағайындалған Руслан Темірханұлы жауапкершілігі мол жұмысты сеніп тапсырған жоғарғы сот билігіне алғысын жеткізіп, барша аралдық азаматтарды бір мүдде жолында тізе қосып, бірге жұмыс істеуге шақырды.

Елдегі әрбір бастамаға тілекші болып, игі жұмыстарға куә болып келе жатқан ауданның зиялы қауым өкілдері Н.Оспанов пен А.Жоланов қызмет ауыстырып жатқан азаматтарға ерекше ризашылығын жеткізіп, батасын берді.

Арал аудандық сотының судьясы Гүлсара Маратқызы бірге жұмыс істеп, әріптес болған К.Садуақасоваға әріптестер атынан алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Жиын барысында Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Бекжанов өткен жыл қорытындысымен аймақта сот саласы бойынша атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: