Kyzylorda-news.kz. Арал ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбсұлтановтың төрағалығымен «Кәсіподақ – тұрақтылық кепілі» атты жиын өтті.
Басқосуға арнайы келген «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық салалық кәсіподақтың төрайымы Сәуле Тұрсынбаева қоғамдық бірлестіктің жыл көлемінде атқарған жұмыстарын саралап өтіп, кәсіптік одақтар туралы заңы туралы түсініктеме берді. Сондай-ақ жиын барысында кәсіподақтар тарапынан берілетін жеңілдіктер мен әртүрлі көмектер туралы да айтылды.
Басқосуда Арал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасының сайлауы өтті. Кәсіподақ мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Арал ауданы әкімінің аппаратының басшысы Нұрмұхамет Бохаев аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды.
Сондай-ақ жиында ауданның экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Мергенсай ауылдық округінің әкімі Марат Құтмамбетов Облыстық кәсіподақтың «Еңбек Озаты» медалімен марапатталды. Ал Арал ауданы әкімінің аппаратының басшысы Нұрмұхамет Бохаев пен аудандық мәслихат аппаратының әдіскері Ғ. Бисенов «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасын иеленді. Облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасымен Қ.Байтұрғанов, М.Қуанышова, А.Махамебетовалар марапатталды.



