Kyzylorda-news.kz  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Арал ауданы аумағында «PetroRetail» ЖШС-нің жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы ашылды. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, аталған серіктестіктің даму жөніндегі директоры Бахытжан Тасанбаев, жауапты сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа бастамаға ізгі тілегін жеткізді.

«Мемлекет басшымыз ұсынған «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты ел дамуының темірқазығына айналды. Бұл халықтың ынтымағын нығайтып, мемлекеттің қуатын арттырады.

Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы да бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Жол бойындағы сервисті дамыту үшін автокөлікке газ құю компрессорлық станциялары бар көпфункционалды кешендер салынуда. Оған «Qazaq Oil», «Compass», «Алаш Метан», «Dom» сияқты компаниялар тартылып, жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Жақын арада тағы екі заманауи газ құю станциясы пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында Кіші Аралды сақтап қалу және «Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолы құрылысын жеделдетіп бастауды тапсырды.

Бұл Мемлекет басшысының Сыр өңіріне, Аралға деген көзқарасының ерекше екенін байқатады. Ауқымды жоба аймағымыздың экономикалық әлеуетін арттыра түспек. Кешеннің жұмысы табысты, табысы берекелі болсын!», – деді Қ.Нұртай.

Рәсімде ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен серіктестік қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Бахытжан Тасанбаев тұрғындарды құттықтады. Еңбек ардагері Алдаберген Жоланов бата берді.

Айта кетейік, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында 55 жол бойы сервистік кешені жұмыс істейді.

«PetroRetail» серіктестігінің В санатты кешені 2 млрд. теңгеге салынған. Инвестициялық жоба аясында заманауи талаптарға сай келетін 31 орындық қонақ үй, 20 келушіге қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану орны іске қосылды, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар, Арал ауданындағы Ерімбетжаға елді мекеніне ауыз су жеткізілді.

Жақында Арал ауданы Ерімбетжаға елді мекеніне ауыз су қосу рәсімі өтті. Рәсімге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, жауапты сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Мұрат Тлеумбетов ауыл тұрғындарын құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтті.

«Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен, жерлестеріміздің бекем бірлігінің арқасында байыпты бастамалар, жасампаз жобалар табысты іске асырылуда. Қала мен аудан орталықтарының, ауылдардың сәулеттік келбеті күн сайын жаңарып келеді.

Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің барлық аймағын ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Облыс аумағында 2022 жылдан бері 14 млрд. теңгенің 60 жобасы қолға алынған.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,6 пайыз болды. Биыл 9 елді мекенге ауыз су жеткізілуде. Міне, Ерімбетжаға елді мекеніне қосамыз.

Игіліктің бастауындай болған бүгінгі қуаныш барша отбасыға бақыт пен шаттық әкелсін!», – деді М. Тлеумбетов.

Жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдері мен ауылға су тартқан мердігер мекеменің өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, ардагер Назыбек Жұбалиев бата берді.

Биыл 8 млрд 100 млн. теңгеге Арал ауданындағы Абай, Тоқабай, 1 млрд. 45 млн. теңгеге Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендерін ауыз сумен қамту жобалары жүзеге асты. Қазір 1 млрд. 166 млн. теңгеге Тастүбек елді мекеніне су жеткізу жұмысы жүргізілуде. Осылайша өңірдегі барлық елді мекен 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

   Арал ауданында жасалып жатырған жұмыстар көп. Соның бірі Арал ауданындағы Тоқабай елді мекеніне ауыз су қосу рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеуімбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы тоқабайлықтарды құттықтап, аймақты ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2025 жылы еліміздің барлық аймағына 100 пайыз ауыз су жеткізу туралы тапсырма бергені белгілі. Сыр өңірінде Президент тапсырмасын белгіленген мерзім ішінде орындау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды.

Ауыз су жеткізуге бағытталған 60 жоба жүзеге асты. Былтыр аймақ халқының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 98,6 пайыз болған. Биыл қалған 9 елді мекенде қарқынды жұмыс жүргізіліп, жыл соңына дейін белгіленген жоспар толық орындалады, яғни 100 пайыздық межеге қол жеткіземіз. Тоқабай елді елді мекеніне ауыз су қосамыз. Жиналған қауымды көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтаймыз», – деді Мұрат Жолкелдіұлы.

Рәсімде ауылдың өркендеуіне үлес қосқан аға буын өкілдеріне, ауыз су жүргізген мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Жіңішкеқұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қыдырбай Мұсаев лебізін білдірді.

Шалғайдағы ауылдар инфрақұрылымын дамыту, ең алдымен сапалы сумен, жолмен қамтамасыз ету тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.

Тағы да оқыңыз: