Kyzylorda-news.kz Арал ауданында соңғы үш жылда 228,3 шақырым газ құбыры тартылып, бүгінде тұрғындардың 71,2%-ы табиғи газға қол жеткізді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев айтты.

– Арал қаласындағы №4, №5, №6 мөлтек аудандары және Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Сыр беткейдегі тұрғындар үшін маңызды жаңалық – Қамыстыбас елді мекеніне газ жеткізетін автоматты газ тарату стансасының құрылысы басталды. Бұл жоба 18 елді мекеннің 15-мыңға жуық тұрғынын кезең-кезеңімен газбен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Арал газдандыру.jpg

Сондай-ақ, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, экологиялық жағдайдың жақсаруына және туризмді дамытуға серпін беретін «Geopark Aral» жобасы жаңа жұмыс орындарын құруға да мүмкіндік ашады.

– Жақында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ресми сапармен Аралға келіп, көп жылдардан бері елдің талқысында жүрген Кіші Арал теңізін сақтап қалудың бірнеше кезеңдері бойынша нақты байламға келу мәселесінде елдегі теңіз жанашырларымен бірге арнайы жиын өткізді. Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған осындай маңызды жобалар жалғаса беретін болады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Арал геопарк.jpg

Арал ауданында 2024 жылы ауданға 25 санитарлық автокөлік беріліп, шалғайдағы Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Қарашалаң елді мекендеріндегі медициналық бекеттер қажетті көлікпен қамтамасыз етілді.

– Медициналық қызмет түрлерін кеңейту мақсатында аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология» және «Инсульт» бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Арал аудандандық көпбейінді орталық ауруханасы ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен жабдықталды. 2025 жылы орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай салу жұмысы жүргізіледі. Оны МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Арал экология.jpg

Арал теңізінің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында мемлекетаралық келісімдер аясында және Үкіметтің қолдауымен теңізге жоғарыдан келетін су көлемі соңғы жылдары екі есеге артты. Сонымен қатар, аймақта Аралды құтқару бағытында инвесторларды тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

– Қазақстан 2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етуде. Осыған орай, өткен жылы ауданға Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері арнайы іс-сапармен келіп, Кіші Арал теңізінің жағдайымен танысты. Қонақтар аймақтың климаттық және экологиялық ерекшеліктерін зерттеп, құмды алқаптарға төзімді өсімдіктер отырғызу және құм көшкінін тоқтату бойынша қажетті қолдау шараларын айқындады, – деді Аманжол Сақыпұлы.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Тағы да оқыңыз: