Kyzylorda-news.kz. «Арай-Sunrise» балалар демалыс лагерінде «Западный поток» халықаралық білім беру – зияткерлік жобасы аясында демалушы балалардың қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жарысының жеңімпаздарымен кездесу өтті.
Іс-шараға лагерьде демалып жатқан балалар мен олардың ата-аналары, спортшылар, облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, БАҚ өкілдері және басқа да қонақтар қатысты.
Бұл кездесудің мақсаты – дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, спортпен айналысу арқылы балалардың салауатты өмір салты қағидаттарын қалыптастыру, спорт резервін дайындау және спорт шеберлігін арттыру, ұлттық спорт ойындарын дамыту, өскелең ұрпақты ұлттық спорт түрлерімен айналысуға тарту.
Жиналғандар қауымның алдында «Вайнах» облыстық шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лайла Пашаева сөз сөйлеп, өз сөзінде бірлік пен келісімді нығайту жөніндегі жұмыстарға тоқталып , бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, көрермендердің назарына шешен бірлестігіндегі жас белсенділерінің орындауында «Лезгинка» биі ұсынылды.
Айта кетейік, «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанған қызылордалық Мақсат Исағабылов финалда маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповпен кездесті. Нәтижесінде Мақсат қарсыласын жеңіп, биылғы турнирдің жеңімпазы атанды.
Мақсат Исағабылов 1994 жылдың 17 қарашасында Қызылорда облысында дүниеге келген. Бойы 184 сантиметр болса, салмағы 120 келі.
Бұған дейін қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.
Оған 25 миллион теңге ақшалай сыйлық, алтын белбеу және алтыннан құйылған «тайтұяқ» берілді.
Ал екінші орын иегері Нұрдәулет Жарылғаповқа 5,5 миллион теңге мен күміс белбеуге қол жеткізді.
Турнир барысында қола жүлдеге жамбылдық Ғалымжан Қырықбаев қол созып, 1,8 миллион теңге мен қола белбеуге ие болды.


