Kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтан қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың ұйымдастыруымен ақын Толқын Қабылшаның «Осы бір сәт ұнайды» атты аудиокітабының тұсаукесері өтті.
«Менің «Осы бір сәт ұнайды» аудиокітабым көз жанары мына әлемді дұрыс көре алмайтын жандар үшін өте оңтайлы мүмкіндік. Сонымен қатар, поэзияға шын мәнінде ынтызар, қазақтың қара өлеңіне деген құрметі басым, сезімтал оқырмандармен жүздесу маған ерекше сезім сыйлады. Бұған дейін қаншама шығармашылық кеш өткізіп, қаншама әдеби кездесулердің төрінде отырғаныммен бүгінгі әдеби шараның маған сыйлаған әсері өте өзгеше болды деп айта аламын. Өйткені, әр күн сайын мына әлемді көзімізбен құшып жүріп кейде біздің торығатын, мұңаятын сәттеріміз көп болады. Сол жердегі әр оқырман осы әлемді көру мүмкіндігі болмаса да, соншалықты жүрекпен, түйсікпен әр сөзіңізге, әр өлеңіңізге мән беріп, оны жатқа оқып, домбырамен ән салып отырғанда, қазақтың әдебиетіне деген асқан құштарлықты сезіндім, әрі әр күніміздің нығмет екенін ұғынып қайттым. Бұл екінші рет жарық көріп тұрған аудиокітап үлкен сұраныстың негізінде, көптің сұрауымен жарық көргені де мені қатты қуантады», – дейді аудиокітап авторы Т.Қабылша.
Айта кетейік, «Дыбыстандырылған әлем» жобасы биыл басталған. Арнайы кітапхананың студиясында өзінің шығармашылығын аудиокітап түрінде тегін басып шыққысы келетін кез келген оқырман кітапхана басшылығына жүгіне алады.

