Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде «Отандық тауарларды қолдау және ілгерілету жөніндегі шаралар туралы» мәселе қаралды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі отандық өнімді қолдау - тек экономикалық маңызы бар бағыт қана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджет кірістерін ұлғайтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін маңызды міндет екенін атап өтті.
– “Біздің міндетіміз – заңнама талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік сатып алу барысында отандық тауар өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану, жергілікті кәсіпкерлермен тиімді әріптестік орнату және олардың өнімдерінің өткізу нарығын кеңейту. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс,” – деді аудан әкімі.
Негізгі мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов баяндама жасап, ауданда отандық тауар өндірушілерді қолдау, мемлекеттік сатып алуда жергілікті өнім үлесін арттыру және кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде кеңінен баяндады. Сонымен қатар, күн тәртібінен тыс бірқатар қосымша мәселелер қаралды.
«Қырым-Конго геморрагиялық қызбасына қарсы іс-шаралар туралы» аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков хабарлама жасап, аурудың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен ветеринариялық-санитариялық шаралар туралы баяндады.
Аудан аумағында елді мекендерді абаттандыру қағидаларының талаптарын бұзған тұлғаларға көрілген әкімшілік шаралар туралы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Тұрар Мұсаханов баяндама жасап, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әкімшілік жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
2026 жылға арналған ақылы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру, ай сайынғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жөніндегі жұмыстардың қорытындылары туралы аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Сандуғаш Төлегенова баяндама жасап, жұмыспен қамту шараларының орындалу барысы мен қол жеткізілген нәтижелер жөнінде ақпарат берді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күн тәртібінде қаралған барлық мәселелердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ жауапты бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктеп, қабылданған тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
