Kyzylorda-news.kz. Терроризм – татулығы мен бірлігі жарасқан мемлекетті күйретуге ықпал ететін бірден-бір жаһандық мәселе. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризмнен адамзатқа төнетін қауіп көп. 

Қазақстан терроризмді болдырмау және алдын алу мақсатында бірнеше заң қабылдады. Атап айтсақ, 1999 жылы 13 шілдеде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және 2005 жылы 18 ақпанда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдары қабылданды.  Бұл заңдарда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген, негізгі ұғымдық анықтамалар мен осы бағыттағы мемлекеттік органдардың құзыреті, сондай-ақ осы саладағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары айқындалған.   

Осы орайда кеше Жалағаш аудандық «Руханият» орталығының аумағында «Антитеррор – 2023»  оқу-тактикалық жаттығуы өтті. Жаттығудың басты мақсаты – қауіп-қатердің, ұрыс алаңына барлау мен бақылау жүргізу жұмыстарымен қатар оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында дайындықты пысықтау.

Оқу-жаттығу барысында құзырлы органдардың оқиғаның алдын алу және салдарымен күресу кезіндегі өзара іс-әрекеттеріне ерекше мән берілді. Шара барысындағы әрекеттерден тұрғындарға үрей туғызбас үшін арнайы дыбыс күшейткіш құралы арқылы  түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ өрт сөндіру мен алғашқы көмек көрсету көлігі де көше қиылысына тоқтап, дабыл күтті. Терроризмге қарсы операция екі сағатқа созылды. Жаттығу қорытындысы бойынша арнайы топтың жедел әрекетінің нәтижесінде кепілге алынған азаматтар босатылып, қауіпсіз аймаққа көшірілді. Күдікті тұлғалар дер кезінде түгел құрықталды.Бұл оқу-жаттығу тұрғындарға терроризмнің қауіп-қатерін түсіндірсе, құқық қорғау органы азаматтарына тәжірибелік сабақ болды. Біз Қазақстан азаматы ретінде осы террористік әрекеттердің алдын алуға өз үлесімізді қосуымыз қажет.

Тағы да оқыңыз: