Kyzylorda-news.kz.   Елімізде әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар болып отыр. 14 мыңнан аса ерлі-зайыптының табиғи жолмен балалы болуға мүмкіндігі жоқ. Бүгінде бала аңсап бармаған жері, баспаған тауы жоқ осындай отбасылардың көбі ЭКҰ көмегіне сүйенетіні жасырын емес. Бүгінде бедеуліктен зардап шегіп, соның салдарынан айрандай ұйыған берекесінен айрылған отбасылар көптеп кездеседі.Отбасында сыңғырлаған сәби күлкісін естуге зар болған ерлі-зайыпты кикілжіңге келіп, нәтижесінде елімізде ажырасу деңгейі де күрт көбейді. Бұл мәселе тек қана біздің мемлекетті емес, жалпы дүниежүзін алаңдатып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мемлекетімізде жаңадан отау құрған жұптардың 15 пайызы бедеулікке шалдыққан. Нақты цифрлық көрсеткіштерге жүгінсек, республика бойынша 14 мыңға жуық әйел бедеу, мыңдаған еркек белсіздіктен зардап шегуде.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу. Осы орайда «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен квота саны 7 мыңға дейін көбейтілді. Ел Президенті 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа ұсынған Жолдауында мемлекетімізде орын алып жатқан бала туу көрсеткішінің төмендігі жөнінде тілге тиек етіп, бұл мәселемен жұмыс жасау керектігін алға тартты. Мәселенің алдын алу мақсатында «Аңсаған сәби» бағдарламасы Президенттің басшылығымен өз жұмысын бастады.  Жобаның негізгі мақсаты – экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота санын 7 есеге дейін арттыру  және ерлі-зайыптылар арасындағы бедеулікті азайту.

«Аңсаған сәби» бағдарламасына кез келген азамат өтінім бере алады. Өтініш иесінің жасы 18 бен 49 жас арасында болуы басты талаптардың бірі ретінде ескеріледі. Жобаның бастау алған уақыты мен биылғы жылға дейін шамамен жобаға қатысқан 3300 отбасында 4000 бала дүниеге келген. Ал, 2000-ға жуық әйел жүктілігі бойынша қаралуда.

 Бала сүйе алмау – бүгінде медициналық қана емес, әлеуметтік мәселелердің бірі. «Экстракорпоральды ұрықтандыру» бағдарламасымен Қызылорда облысына да квоталар бөлініп, осы күнге дейін бірнеше жүздеген отбасы порталға салынып, ЭКҰ орталықтарына жолданды. Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сай қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет. Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы болған жағдайларда ғана мамандар науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін, – дейді Сырдария аудандық емханасының арнайы мамандары.

Мүмкіндігі жоқ жанға жасанды жолмен балалы болудың құны да едәуір. Табиғи жолы тағдырына жазылмаса,құнын төлеп құшағына сабиін алса болады. Бірақ, жасанды ұрықтандыру балалы болуға жүз пайыз кепілдік бермейді.

Дүниежүзі ғалымдары ЭКҰ арқылы туылған балалардың денсаулығын жан-жақты зерттей отырып, бұл әдістің адам денсаулығына еш зиян тигізбейтінін анықтаған. Медицинада осы әдісті тапқан биолог ғалым Роберт Эдвардсқа 2010 жылы «Нобель сыйлығы» берілгенін айта кеткеніміз жөн. Яғни, жасанды жолмен туылған баланың табиғи жолмен дүниеге келген сәбиден еш айырмашылығы жоқ. Дегенмен, мамандар жүре пайда болған бедеулік пен белсіздік дертіне бағыттап «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» ұсынады.
Айта кетейік, елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру мүмкіндігі 2010 жылдан бастап қолжетімді. Бірақ квота санының аздығы көп отбасының үкілі үмітін өшіргендей болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген жұмыстар бүгінгі таңда өз нәтижесін беріп келеді. Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКҰ орталық жұмыс жасайды. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасын таппақ. Қаншама отбасының қуанышына себеп болған жоба алдағы уақытта да бірқатар отбасына бала сүйгізіп, еліміздегі бедеулік дертін кемітеді деген үміттеміз.
 

Тағы да оқыңыз: