Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында “ҚазГермұнай” БК” ЖШС-нің табиғат көздерін пайдалануға қатысты заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің “Facebook” әлеуметтік желісінде жарияланды.
Департамент “Қазгермұнай” БК” ЖШС-не профилактикалық бақылау мен қадағалау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде біршама өрескел заң бұзушылықты анықтаған.
“Серіктестіктің Қызылорда облысы аумағындағы “Ақшабұлақ” кен орнында ЖККФ қондырғысы шаруашылық қызметін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатсыз жүзеге асырғаны және кен орында орналасқан ластағыш заттар шығаратын кейбір тұрақты көздерден атмосфералық ауаға азот оксиді, көміртек оксиді түріндегі ластағыш заттар белгіленген нормативтен бірнеше есе артық тасталып отырған деректер анықталды. Осылайша ҚР Экологиялық кодексінің 69-бабы 1-тармағында жылжымалы көздерден туындайтын ластағыш заттардың шығарындыларын қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға міндетті деген талаптар бұзылған”, – делінген хабарламада.
Мұнай компаниясының қоршаған ортаға келтірген залалы анықталып, серіктестікке 102,149 млн теңге көлемінде залалды өндіру үшін нұсқама берілді.
“Экологиялық кодекстің 321-бабының 1-тармағына және 2-тармағының 3),4)-тармақшаларында экологиялық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғалар өздері келтірген залалды осы Кодекске және Қазақстан Республикасы өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес өтеуге міндетті. Алайда, “Қазгермұнай” БК” ЖШС Департаментпен берілген бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарымға және 102,149 млн теңгеге қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру үшін берілген нұсқамаға келіспей департаментке, ҚР Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне және Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық сотына бірнеше рет шағымын келтірді”, – делінген хабарламада.
Сот шешімі бойынша мұнай компаниясының шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды. “Қазгермұнай” БК” ЖШС қоршаған ортаға келтірілген залал сомасын төлеуге міндеттелді.
Айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау қызыметімен жүргізілген тексерулерде ірі табиғат көздерін пайдаланушылармен 52 өрескел заң бұзушылықтар анықталып тиісті шаралар қолданылды.